Көкшетауда мемлекеттік баспаналардың құрылысы тоқтап тұр

Көкшетауда мемлекеттік бағдарламамен салынатын тұрғын үйлердің құрылысы тоқтап тұр. Қазір сондай 21 үйдің 15-інде жұмыс тұралаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті қабырғасы көтеріліп, дайын тұрандарының өзіне абаттандыру жасалмай, сол себепті пайдалануға да берілмей отыр. Ал бұған қымбатшылық сеп болған көрінеді. Құрылысшылардың сөзінше, материалдардың бағасы 30-40 процентке өсіп кеткен. Сондықтан бұрынғы есеп бойынша үй салу тиімсіз, шығынға батуымыз мүмкін, –- дейді мердігерлер. Ал жауапты органдар болса, жобаларға түзету енгізілген соң құрылыс қайта жанданатынын айтады.

Айта кетейік, қазір Көкшетау қаласында 9 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр.

Асхат Жұмабеков, мердігер компания өкілі:

Ең басты не ғой сол, жаңағы материалдың қымбаттауы. Қазір кірпіш те, бетон, цемент бәрі қымбаттап кетті де, плитаның өзі қымбаттап кетті қазір бәрі, сондықтан біз корректировкаға беріп жатырмыз. Түзету болмаса, үйді салу мүмкін емес қой? Онда минусқа кіреміз. Бүкіл мердігер ұйымдар бәрі минусқа кіруші еді.

Әлихан Рақымжанов, қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:

– Ол үйлерде жұмыстың бірқатар бөлігі жасалған. Тек сол түзету енгізу үшін ғана тоқтап тұр. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары қайта қаралып жатыр. Түзетулер мен толықтырулар мемлекеттік сараптамадан өткен соң құрылыс қайта басталады».