Елімізде баспанамен қамтудың тиімді жолы қолға алынады

Көпқабатты зәулім үйлерді енді небәрі 3 айда тұрғызуға болады. Бүкіл әлемдік тәжрибелерді зерттеп, елге жаңа өнім әкелген, «Модекс Astana» компаниясының мамандары осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, зауытта шығатын, модульды блоктар баспана құрылысын айтарлықтай жылдам әрі қолжетімді ете алады. Тіпті алдағы уақытта бұл технологиямен мектеп, аурухана сынды маңызды нысандарды да салуға мүмкіндік бар. Жаңа технология – жылдам құрылыс. Енді 350 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді небәрі 100 күннің ішінде тұрғызуға болады. Бұған ModeX зауыты шығаратын модульді құрылымдар көмектеседі. Қазақстанда теңдесі жоқ бірегей өндіріс арқылы зауыт бүтін бір бөлмені дайындап шығаруда.

Валерий Зорин, зауыттың бас инженері:

– Зауыттың үй жинағын бүтіндей шығаруға мүмкіндігі бар. Мұнда алдымен блоктар дайындалады. Сосын оларды құрылыс алаңына апарамыз. Содан кейін арнайы техника арқылы тұрғын үй жұмысы басталады. Жаңа технология арқылы баспанаға бүтін бөлмені бірден қоюға болады.

Елімізде 4 тұрғын үй дәл осы жаңа технологиямен тұрғызылды. Мұндағы артықшылық сапада дейді мамандар. Жайлы қонысқа тұрғындардың да көңілі толады. Модульді технология қолданылған алғашқы үйлердің бірі – «7Я» тұрғын үй кешені.

Жайлы пәтер, менің көңілімнен шығады.

Үйдің сапасы мен орналасқан жері жақсы, ауласы да жайлы.

Пәтерлерде бөгде шуды естімейміз. Көршелер де мазамызды алмайды.

Өндіріске кіріспес бұрын Еуропа мен Азия елдерінің тәжірибесін сараладық дейді мамандар. Қазір зауыт технологиясымен жылына 130 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы салынады. Бұл көрсеткішті 3 есеге арттыру жоспарда бар.

Асан Байғаскин, зауыттың бас қаржы менеджері:

– Модекс зауыты Қазақстанның Даму Банкімен тығыз әріптестік орнатқан. Зауыттың құны 15 млрд теңге. Осы қаражттың 66 пайызын осы банктен алдық. Бұл – үлкен көмек.

Қазір өндіріс орнында 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мамандар алдағы уақытта мектеп пен ауруханаға арналған блоктар әзірлеуге қауқарымыз бар дейді. Мұндай жағдайда маңызды нысандарды жылдам тұрғызып, қолжетімді етуге үлкен мүмкіндік туады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров