Өскеменде қазан айынан тұрмыстық қалдық шығару тарифі өседі

Жаңа тариф қалалық мәслихатта қаралып, әділет органдарында бекітілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағаны екі есеге дейін өсірген  тазалыққа жауапты компания өкілдері басқа амалымыз жоқ деп отыр. Себебі жанар-жағармайдың қымбаттағаны өз алдына, көлік жүргізушілерінің жалақысын көтеріп, жаңа техникалар алу керек екенін айтады. Ал тұрғындар қала тазалығы көңіл көншітпейді, қатты қалдықтар уақытылы алынбайды деп наразы. Бүгінде тұрмыстық қатты қалдықтардың үйіліп жатқанын Өскеменнің әр жерінен көруге болады. Әсіресе шашылған құрылыс материалдарын жиі байқаймыз. Бұл әрине тұрғындардың ісі. Қалдықты шығаратын компанияларға қалалықтардың қарызы көп. 100 мыңнан астам тұрғынның 120 млн теңге берешегі бар.  Салдарынан компаниялардың жұмысы тұралай бастаған. 

Вера Василевская, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

– Біздер қоқысты дер кезінде алуларын сұрап, өтініш жасап келеміз. Себебі кейде 7 күнге дейін тазартылмай жатады. Ал ондағы қызметкерлер жалақыларының аз екендігін айтады. Сондықтан сапалы жұмыс та жоқ.

Жағдайды түзеу үшін коммуналдық мекемелер тарифті көтермек. Басты себеп – шығын көп. Салдарынан қоқыс алаңын уақытылы тазартып қиындай түскен. Оған қоса, жұмысшылардың жалақысын өсіру керек. 

Жанар Қожахметова, коммуналдық мекеме директорының орынбасары:

– Тарифті көтеру еңбеккерлеріміздің жағдайын жақсарта түседі. Көлік жүргізушілері, жүкшілер және тағы басқа ең негізгі жұмысты атқаратын адамдарымыздың жалақысы өседі. Сондай-ақ металл алуға да мүмкіндік болады деп ойлаймын. Қалада тұрған қоқыс жәшіктерін де өзіміз жасаймыз.

Осындай мәселелерін көтерген тұрмыстық қатты қалдықтарды жоюмен айналысатын ұйымдар тарифті үш есеге дейін көтермек. Нәтижесінде адам басына шаққанда 211 теңгеден 700 теңгеге жуық орнатуды меже қылған. Алайда олардың ұсынысын қараған депутаттар 409-411 теңге айналасында қалдырды.

Александр Светаш, Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы:

– Бұл мәселені қарау барысында тариф әр тұрғын үйлер секторы бойынша бекітілді. Жалпы менің ойымша, тарифті негізсіз ұстап тұру дұрыс емес.

Жалпылай алғанда, қалада коммуналдық тарифтің өсуі бұнымен тоқтауы екіталай. Себебі ескі полигон қоқысқа толып тұр. Мамандар жаңасын іске қосу қызмет ақысын қайта қарауға түрткі болады -дейді. 

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин