Түркістан облысында көп күттірген мәдениет үйі салынып жатыр

 Түркістан облысы Түлкібас ауданы Кершетас елді мекенінде 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылыс жұмыстары осы қыркүйек айының басында басталды. Ғимаратта концерт залы, кітапхана және басшылық пен шаруашылық қызметкерлерінің бөлмесі қарастырылған. Мамандар алдағы желтоқсан айына дейін қабырғасын көтеріп, төбесін жабамыз деп отыр. Келесі жылдың сәуір айында ғимарат толық аяқталып, ел игілігіне берілмек. Жоба құны 170 млн теңге. Қазір құрылыс алаңында он адам жұмыс істеп жатыр. Түлкібас ауданына қарасты Келтемашат ауылдық округіне жеті елді мекен қарайды.  Осы уақытқа дейін бірде-біреуінде мәдениет үйі болмаған. Елді мекендерде мыңнан аса үй, бес мыңдай халық тұрады. Тұрғындар бірнеше жылдан бері ауылға мәдениет үйінің қажет екенін айтып келеді. Мәселе биыл шешілді.

Әсіралхан Құрманов, Кершетас ауылының тұрғыны:

Бұл көп жылдан бері шешілмей, күрделеніп келе жатқан тірлік еді. Халық өтініш жасап, міне, сол жұмыс басталды. Бүгінгі таңда біраз тірліктерін бітірді. Жақсы жұмыс істеп  жатыр. Енді біз әрі-бері өткен кезде қадағалап кетеміз. Не тірлік болып жатыр деп. Жақсы жүріп жатыр. Рахмет.

 

Мұрат Бердіалиев, Келтемашат ауылдық округінің әкімі:

– Келтемашат ауылдық округі бойынша 26 шақырым жолымыз жөнделіп жатыр. Жаяу жүргіншілер жолағы түсті және Кершетас ауылында Жандарбеков орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. Келтемашат ауылында амбулаториялық пунк салынып жатыр. Осы талайдан бері көтеріліп жүрген мәелелер болатын. Кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.