Ақтөбеде егін орағы аяқталуға жақын

Облыстағы ең ірі диірмен комбинаты күні – түні жұмыс істеп тұр.  Себебі, егін егетін өңірдің барлық ауданынан астық жеткізу қарқын алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан жұмысшылар да екі ауысымда еңбек етіп жатыр. Алғашқы бидай әкелінген тамыздың 20-сынан бері кәсіпорында 50 мың тоннадан астам астық қабылданған. Ал, комбинат 135 мың тоннаға дейін өнім сақтай алады.

Қанат Тапаев, комбинаттың бас директоры:

- Негізінен Ақтөбе облысында өсірілген бидайдың сапасы қашанда жоғары деңгейде келеді. Биылғы өнім де тәуір. Біздің сақтау қоймамыздың мүмкіндігі зор. Мұнда әкелінген астықты келесі жылдың көктеміне дейін сақтауға болады.

Бүгінде облыс бойынша дәл осындай 7 нысан жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, шаруа қожалықтарының өз қоймалары бар. Ал, биыл облыс бойынша  368 мың гектарға дән себілген. Арасында арпа-бидайдан өзге, көкөніс түрлері де бар. Қазір әр гектарынан орта есеппен 15 центнерден алынып жатыр. Солтүстіктегі Мәртөк, Хромтау, Қарғалы секілді аудандардың кей жерлерінде 20 центнерден де жоғары алынған. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, мұндай көрсеткіш соңғы 6-7 жылда болмаған. Қазірдің өзінде жиылып алынған өнім 480 мың тоннаны құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Сондықтан сырт елдерге шығаруға мүмкіндік туған.

Нұрбек Райымбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Біз дәнді-дақылдар бойынша өзімізді толық қамтамасыз етіп отырмыз. Сыртқа экспортқа да жөнелтіліп отыр дәнді-дақылдар бойынша яғни. Ауғанстан, Тәжікстан, Иран. 33 мың тонна дәнді-дақыл бидайлар экспортталды бүгінгі күнге. Осы алынған өнімді сақтау мақсатында 7 лицензияланған астық сақтау кәсіпорындары толық дайындылығы анықталды. Олардың жалпы сыйымдылығы 380 мың тонна. Сонымен бірге шаруашылықтардың да өзінің жеке сақтау қоймалары бар.

Күзгі егін ору науқанына өңір бойынша 800-ден астам ауыл шаруашылық техникасы тартылған. Шаруаларға арзандатылған жанар-жағар май да берілуде. Науқанды бірер аптада аяқтау көзделіп отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев