Атырауға жақын маңнан көне қалашықтың орны табылды

Сарайшықтан Сарай Бату бағытына қарай 25 шақырым жерде көлемі 100 гектар болатын аумақтың көне қалашық орыны екенін бірден байқауға болады.

Өйткені жерде шашалып жатқан қыш құмыралар мен керамикалық бұйымдар соның анық дәлелі. Археологтар зерттеу кезінде мазарға ұқсас тағы бір нысанды тапқан. Қазір қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл Сарайшық пен Сарай Бату аралығынан табылып отырған алғашқы мекен. Бұған дейін бұл жерден дәл осындай нысан анықталмапты. Елімізге белгілі және Ресейден келген археолог ғалымдар дәл осы біз тұрған жерде елге белгілі, лауазымды тұлға жерленген болуы мүмкін деген болжам айтады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жерде ірге тасы да сол күйінде сақталған. Бұл жерден табылған қыш құмыралардың сынықтары, керамикалық бұйымдардың сынықтары және тиын-тебендерден археолог ғалымдар оның Алтын Орда дәуіріне тиесілі екенін айтып отыр.

Сарайшыққа жиылған ғалымдар бұл орынның - Қазақстан тарихы ғылымындағы үлкен жаңалық екенін айтады. Ғылыми кеңесте олар зерттеу жұмыстарын жандандыру, көне тарихи орындарды ашу мәселелерін талқылады.

Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Соңғы екі жылда 10 шақты қала елді-мекеннің орыны ашылды. Сол бойынша осы Сарайшықтан шығып, 3 бағытта кететін керуен жолдардың бағыты анықтала бастады. Соның бір нәтижесі қазір Қарағайлы деген жерден қалашықтың орыны табылды шағын. Қазба енді басталды. Жердің бетінде жатқан заттарға байланысты, ол сөз жоқ, осы Сарайшықтың замандас, Қазақ хандығының, Алтын Орда дәуірі кезіндегі қала болған.

«Сарайшық» мемлекеттік музей-қорығының мамандары өткен жылдан бері Мәдениет министрлігінің қолдауымен ғылыми жобаны игеріп келеді. Соның арқасында Сарайшық пен Сарай Бату аралығынан 10 шақты көне қала орнын анықтаған. Соның ішіндегі ең ірісі, осы – Қарағайлы тұрағы.

Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» мемлекеттік музей-қорығының директоры:

- Бұл мекен шамамен мың да мың квадрат метрді қамтиды. Осы аралықта толған, шашылып жатқан қыш құмыралар, орта ғасырдағы жәдігерлер, сонымен бірге 14 ғасырдың тиындары табылды. Бұл – Қазақстан тарихы ғылымына қосылған нақты үлес екенін атап өткіміз келеді. Ресейлік ғалымның айтуынша, дәл осындай үлкен кесенелер Ресейде де бар. Бірақ олардың барлығы тоналған. Ал біздің кесенеміздің ерекшелігі – фундаменті, төменгі қабаты толықтай сақталғаны деп отыр.

Қазір қазба жұмыстары қарқын алған. Ғалымдардың сөзінше, бұл маңнан әлі де құнды жәдігерлердің табылатыны сөзсіз.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев