Астанада мүмкіндігі шектеулі балалар арасында жарыс өтті

Ерекше марафонға қатысып жатқан балалардың көңіл-күйі керемет. Қозғалуы қиын болса да, бәрі де қатарынан қалмауға тырысады.

Салтанат Рақышева, «Бақытты шаңырақ ҚҚ» бөлім басшысы:

- Мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы жарысты бірінші рет өткізіп отырмыз. Бізге танымал спортшылар қолдау білдіріп келді. Балаларымыз оларға қарап ширайды, күш алады деп үміттенеміз. Бүгін ата-аналар үшін де қуанышты күн.

Жарысқа қатысушылардың көбі арбаға таңылған. 20 баланы түрлі дәрежедегі спорт шеберлері, танымал чемпиондар қолдай келген. Олар жарыс алдындағы қобалжуды қалай жеңу керегін біледі. Жас марафоншыларға да соны үйретті. Нәтижесінде барлығы 3 шақырымды оңай еңсерді. Бастысы, ата-аналар дән риза.

Данияр Ерғалиұлы, ата-ана:

- Басқа балаларға да, ата-аналарға да айтарым осындай шаралардан қалыспай, жарысқа қатысып жүрсеңіздер, балаларыңызға бір жағынан дух, рух болады. Балада шынайы өзіне келеді. Емді тоқтатпаңыздар, осындаға қатысып жүріңіздер.

Ерекше шара қала билігінің қолдауымен өтті. Жігері күшті балғындарға естелік сыйлықтар мен жүлделер тарту етілді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Руслан Алиев