Қаңғыбас иттер ауыл халқының мазасын қашырды – Павлодар облысы

Ашыққан төрт аяқтылар үй жануарларына шаба бастаған. Тұрғындардың айтуынша, осы күнге дейін ондаған қой-ешкіні тамақтап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекен халқы енді қабаған иттер адамдарға да зиян келтіре ме деп қорқады. Бұл – Успен ауданының Таволжан ауылы. Елді мекен халқы әу бастан төрт түлікпен күн көреді. Соңғы уақытта ауыл маңында қаңғыбас иттер көбейіп, ондаған қойға шапқан.

Сәкен Рақымжанов, ауыл тұрғыны:

Өз басым 12 итті көрдім. Бұған дейін саны 18-ге жеткен. Өкінішке қарай, жабайы иттер жыл сайын көбейіп жатыр. осы айда жеті қойымнан айырылдым. Шара қолданбаса, адамдарды тістеп, жарақаттауы мүмкін ғой. Мал түгіл, балаларымыздың өміріне алаңдап отырмыз.

Тұрғындардың есебінше, жыл басынан бері ашыққан иттер 40-тан астам қойды жеп қойған. Ал келтірілген шығын екі миллион теңгеден асқан.

Наталья Бабич, ауыл тұрғыны:

Иттер қыста да көп. Балаларды мектепке жетектеп апарып, әкелуге тура келеді. Себебі қорқамыз. Олардың қай жақтан келгенін білмейміз. Жергілікті билікке шағым түсірдік.

Жергілікті әкімдіктегілер тұрғындардың шағымынан соң Таволжан ауылында төрт рет болып, 50-ден астам итті ұстаған.

Мұхтар Сқақов, Равновполь ауылдық округінің әкімі:

– Таволжан ауылының тұрғындары бірнеше рет хабарласты. Сәуір-тамыз айларында инспекторлармен бірге иттерді ауладық. Бірде бір шағым назарымыздан тыс емес. Тиісті шараларды қолға алып жатырмыз.

Заң бойынша иттер адамдар мен өзге үй жануарларына қауіп төндірсе, атуға рұқсат бар. Бірақ қауіп деңгейін анықтау заң бойынша реттелмеген. Ал қаңғырып жүргендерін жануарлар жанашырларына тапсыру керек.

Ғалым Бейсенов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

– Сегізінші тамызда қабылданған шешім бойынша облыстық мәслихаттың қауіп төндірген жағдайда адамға немесе жануарларға қауіп төндірген жағдайда оларды аулауға рұқсат бар. Жаңа заң бойынша жазылғаны – екі куәгер болу керек немесе видеофиксация болу керек. Ит шабуыл жасаған кезеңі немесе жай үрген кезі ол заң бойынша бекітілмеген. Соны анықтау қиындық тудырады.

Ветеринария қызметінің мамандары жыл басынан бері екі мыңнан астам қаңғыбас ит-мысықты ұстаған. Олардың бір бөлігі тәлімбақтарға тапсырылса, ауруға шалдыққандары ұйықтатылған. Сондай-ақ иттердің үй жануарларына шабуыл жасауы бойынша 40-қа жуық шағым түскен.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат