Жамбыл облысында тіл мүкістігі бар балалар көбейген

Мәселен, 2020 жылы білім басқармасына қарасты арнайы мекемелерде 1500-ден аса жеткіншек ем қабылдаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал биыл олардың саны екі есеге дейін өскен. Мұның себебі неде? Тараз қаласының тұрғыны Айнұр Маматаева 5 жасар қызын 2 жылдан бері орталықтарға тасып жүр. Кіші қызының тіл кемістігін байқап логопедке жүгініпті. 5 балалы ана үлкен балаларында мұндай мәселе болмағанын айтады.

Айнұр Маматаева, қала тұрғыны:

Қазір бесте. 3-4 жасында ол әріптерді дұрыс айтпайтын. Келгенімізге біраз уақыт болды. Нәтижесін жайлап көріп жатырмыз.

Облыстағы 20-дан аса психологиялық-медициналық мекеме жасөспірімдерге қызмет  көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі бала саны көп болғандықтан, биыл тағы бірнешеуі іске қосылды. Оларда жалпы түрлі диагнозбен 8 мыңға жуық бала бар. 3 мыңы тап осы тіл мүкістігі бойынша ем алуда.

Анар Наурызбаева, облыстық білім басқармасының әлеуметтік педагогы:

Қауіп тобындағы балалар дейді. Скрининг дейді. Осымен невропотолог, психолог біз үшеуіміз шығып ауыл-ауылды аралап, осы балаларды анықтаймыз. Бір барғанымызда мысалы, 60-70-80 балаларға дейін тауып келеміз. 40 пайызы тіл кемістігімен келеді.

Мемлекеттік орталықтарда мүкістігі бар бала 18 жасқа дейін ем қабылдай алады. Бірақ мұнда аурудың ауыр түріне шалдыққандарға басымдық берілген. Сондықтан бала тілінің байланып, дұрыс сөйлемеуін байқасаңыз, бірден дәрігерге жүгінген абзал.

Арайлым Нұрланқызы, логопед:

– Егер де бала сөйлемегеннен уақыт өткізіп алса, бала сөйлей алмағаннан өз ойын жеткізе алмағандықтан ашуланатын болады. Ол деген баланың нерв жүйесіне әсер етеді.

Мамандар тіл кемістігінің түрлі себебі бар дейді. Баланың кіші кезінен түрлі гаджеттерге үңілуі, тілі шыққан сәбиге ата-ананың көңіл бөлмеуі. Осы сынды қарапайым жағдайлар үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Ал тұтығу баланың психологиялық жай күйіне байланысты. Сондықтан қандай жағдайда да ерте бастан шара қолданған абзал.

Авторлары: Мерей Бает Руслан Ахатіллә