loader


Ақтөбелік мұғалім пластик құтылардан кірпіш жасауды ұсынып отыр

«Күннің ыстығы мен суығына төзімді материалдан берік материал шығады», – дейді. Бұл экологияны жақсартуға да септігін тигізбек. Ақтөбеде қоқысты жинау, сұрыптау мәселесі өзекті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Өйткені қалалық полигон бірнеше рет өрттеніп, зиянды түтін қалаға тараған. Сондықтан тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуге өңірде ерекше мән беріп отыр.

Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы Гүлназ Оспанова: «Пластиктен кірпіш жасау жобасы кездейсоқ ойға келді», – дейді. Кезекті сабақ тақырыбы Гук заңын оқушыларға түсіндіру үшін пластикалық бөтелкенің деформациялануын мысал ретінде алған. Түрлі есептеулердің нәтижесінде тұрмыста кеңінен қолданылатын бұйымдардан кірпіш те шығаруға болатындығын түсініпті.

Гүлназ Оспанова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі:

- Болашақта осы пластикалық бөтелкелерден жасалған кірпішімізді жақсарту үшін яғни әртүрлі температураларды қамтуды. Сонымен қатар дефармациялар болу үшін қысымды ескеруді негізге ала отырып әліде жақсарту жолдарын қарастырып отырмыз.

Кірпіш өндірісіне өңірде шикізат жеткілікті. «Тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, қайта өңдеуге тасымалдайтын мекеме күніне 10 тоннаға жуық пластик, қатырма қағаз бен алюминийді жөнелтіп келеміз», – дейді. Көлемін бірнеше есе арттыруға да болады. Бірақ ол үшін тұрғындар арасында тұрмыстық қалдықты сұрыптап, жинау әдебін қалыптастыру қажет.

Валерий Косарев, мекеме басшысы:

- Мәселе тұрмыстық қалдықты айыруда болып тұр. Себебі полигондағы үйіліп жатқан қоқыстың арасынан пайдаға асарын айырып алу оңай емес. Сондықтан бұл әдепті отбасынан қалыптастарған дұрыс. Бала күннен қайта өңдеуге жарайтын қалдықтарды бөлек жинауды әдетке айналдыру керек. 

Жалпы Ақтөбеде тұрмыстық қалдықтың дені тікелей полигонға жөнелтіледі. Себебі өңірде оны өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасы. Салдарынан қалалық қоқыс алаңы аузы-мұнына дейін толып, төгер орын қалмаған. Жергілікті билік: «Кезекті рет кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, инвестиция тартуға әрекет етіп жатырмыз», – дейді. Жоспар бойынша 12 млн еуроға газ бен тыңайтқыш шығаратын зауыт ашу көзделген.

Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:

- Қазір келіссіздер белсенді жүріп жатыр. Шешімі жақын уақытта белгілі болады деп ойлаймын. Қаржыландыру мәселесі талқылануда. Яғни бірлескен кәсіпорын ашуды көздейміз. Газ бен ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш өндіретін зауыт табысты болады. Өңірдің сұранысы да есептелуде.

Қалалық полигонға жылына 140 мың тоннадан астам қоқыс шығарылады. Қазір жанынан аумағы 18 гектардан астам жер әзірленіп, қосымша шұқырлар да қазылып қойды. Тау боп үйілген тұрмыстық қалдық табыс көзіне айналудың орнына зауыт ашылғанша топырақпен көмілетін болады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Сондай-ақ...