Көкшетауда жылу ақысы қымбаттайды

Бұл туралы жылу тарататын мекеменің басшылығы мәлімдеді.

Айтуларынша, тариф бюджеттік мекемелерге 12, заңды тұлғаларға 15, ал тұрғындар үшін 20% көтерілмек.

Жылу ақысының қымбаттайтына жұрт қарсы. Халықтың сөзінше, 20% деген аз ақша емес. Ал арнайы есептегіш қондырғысы жоқ үйлердің тұрғындарына тіпті қиын. Себебі олар нақты алған жылу үшін емес, пәтердің аумағы бойынша ақы төлейді.

Сағадат Хамзин, қала тұрғыны:

- Біз 8 мың төлейтінбіз. Бірақ қазір сол 20% көбейтсе, қалтадан қағады. Шамамен 10 мыңға дейін жетіп қалады. Ертең қарапайым халық зардап шегеді деп ойлаймын.

Ал жылу беретін мекеменің өз уәжі бар. Сөздеріне сенсек, тарифті көтеруге көмір мен оны тасымалдау ақысының қымбаттауы сеп болған. Айтуларынша, қатты отынның бағасы биыл 30% көтеріліпті. «Тіпті былтырдың өзінде біраз шығынға баттық», – дейді энергетиктер.

Асқар Нұрмағанбетов, «Көкшетау жылу» мекемесі бас директорының орынбасары:

- 2021 жылдың қорытындысы бойынша біздің кәсіпорын жылу өндіру үшін бас-аяғы 5,8 млрд теңгенің шығыны кетті. Ал кіріс 3 млрд теңгеден әрең асады. Бұл біздің қарызға батуымызға сеп болады. Қазірдің өзінде басқа мекемелерге 1 жарым млрд теңге берешекпіз. Сондай-ақ тұрғындар да бізге 120 млн теңге шамасындағы жылу ақысын бермей жүр.

Айта кетейін, 25 қыркүйектен бастап қалаға жылу беріле бастайды. Алдымен әлеуметтік нысандар, кейіннен тұрғын үйлер қосылады. «Коммуналдық мекеме өкілдері, жылу қазандықтарының бәрін жөндеп, биылғы қысқа сақадай сай дайын отырмыз», – дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный