Балалар үйінің түлегі баспанаға қаржы жинап жатыр

26 жастағы Салих Қалиев бірнеше жыл бұрын мемлекет тарапынан берілген үйден айырылып қалған. Алаяқтар 2-топ мүгедегін алдап соғып, пәтерінен тартып алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балалар үйінің түлегі енді, өз өнерімен елді аралап қайырымдылық концерт өткізуге көшті. Бұған дейін 6 шаһарды аралаған жас әнші, Тараздық жұртты да әсем әндерімен сусындатты. Жалпы Салих қайырымдылық концерттерін 2015 жылы бастаған. Ол кезде өзі секілді тағдырлас балалар мен жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созыпты. Енді концерттен түскен қаржыға өзіне баспана алмақ.

Салих Қалиев, жас әнші:

- Қазіргі әрбір кештен түскен қаржы, ертең Алла қаласа Отбасы банкінің шотына жиналып жатыр. Алғашқы салым ретінде.  Ешкімнен ештеңе сұрамай, өз күшіммен жинап жатқан жайым бар. Қазіргі болып жатқан «Өзіңе сен» деген концерт, барлықтарына әрі ем ретінде әрі мотивация ретінде ұсынылып жатыр деп ойлаймын.