Әл-Фараби көшесіндегі №101 үйдің лифті жыл басынан бері істемейді

Жарамсыз жеделсаты кесірінен жоғары қабатта тұратын қариялар мен өрімдей балалар үйде қамалып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақмарал Мұқанова үшін жарты айлық сәбиін таза ауаға шығару мұң.   

Ақмарал Мұқанова, қала тұрғыны:

- Тоғызыншы қабатта тұрамыз. Менің үш балам бара. Мынау ең кішісі. Өте қиын. Күніне екі рет шығамыз. Колясканы алмаймын. Өйткені өте қиын колясканы қолға ұстап, баланы ұстап.

Нина Мовчан да жаяу ентігіп төртінші қабатқа амалсыз көтерілуге мәжбүр. Сексеннен асқан әже далаға шығу үшін сан толғанып, жарты сағат уақытын жұмсайды.

Нина Мовчан, зейнеткер:

- Менің аяқ буындарым ауырады. Бір жерде отырсам, қиналып кетемін. Жиі қозғалыста болуым керек. Үйде ит асыраймын. Оны да тұрақты серуендету қажет. Жалғыз тұратындықтан дүкенге көршілерімді жіберуге мәжбүрмін.

Лифтіні қалалық әкімдікке қарасты ұйым жөндеуі тиіс еді. Ал жылдың басында бұл міндет «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өтті. Бірақ олар нақты іске кірісе алмай әлек.  

Сақтаған Мұстафин, қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Қалалық әкімдік құрамындағы ұйым әлі таратылу үстінде. Сол себепті «Тобыл» корпорациясының жөндеу жұмыстарына кірісуге құқы жоқ. Бұл үрдістің қанша уақытқа созылатыны беймәлім.

Қайткенмен тозығы жеткен лифтті тұрғындар өз күшімен қалпына келтіреді. Мұның бір жолы – жаңғырту бағдарламасы арқылы үстемесіз несие алу, дейді қалалық әкімдіктегілер.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг