Шымкентте қоқыс шығару бағасы қайта қаралады

Шымкентте күл-қоқыс шығару қызметінің төлемақысы қайта қаралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі осы саладағы компаниялар 2017 жылдан бері тарифтің өзгермегенін айтып, бағаны көтеруді сұрапы отыр. Қазір көпқабатты тұрғын үйде тұратындар ай сайын адам басына 171 теңге, жеке сектор тұрғындары 200 теңгеден төлейді. Қазір қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы жаңа экологиялық кодекске сәйкес тарифті қайта қарамақ. Өйткені мегаполисте қоқыстың дер кезінде шығарылмауы тұрғындар арасында сынға ұшырап, шу болған еді. Халық әлеуметтік желі арқылы қала билігінен қоқыстан құтқаруды сұрап, бірнеше мәрте өтініш жасаған болатын. Тұрғындардың арыз-шағымынан кейін экологтар жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтады. Нәтижесінде бірнеше компанияға айыппұл салынды. Бір айға жуық уақыт бойы жиналып қалған күл-қоқыс шығарылды.