Елімізде жалға берілетін пәтер құны тұрақтала ма?

Астана қалалары мен облыс орталықтарында жағдай қиын, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бір бөлмелі үйдің құны тіптен шарықтап, баға 30-40% көтерілді», – дейді сала мамандары. Қазір елге ағылып келіп жатқан ресейліктерді пайдаланып жалға берілетін пәтер құнын өсіріп, ақша тапқысы келетіндер де баршылық.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде осындай бейнероликтерді жиі көруге болады. Саяси жағдайға байланысты ірі қалаларға Ресей Федерациясы азаматтарының көптеп келіп жатқаны белгілі. Оның зардабы өзіміздің қазақстандықтарға тиіп кетті. Көбі жалдап отырған пәтерінен айырылды. Арасында студенттер де бар.  

Таңшолпан, студент:

- Бізге 23-і күні айтты. Бір бөлмелі пәтерді 150 мың теңгеге жалдаған болатынбыз. Бізге: «23-і күні келесі айдан бастап жылу ақысы қосылады, қызметі қымбаттайды, 170 мыңды бізге ертерек төлей беріңіз», – деді. Егер төлей алмайтын болсаңыздар, босатыңыздар. «Мен пәтерді 250 мыңға қоюым керек», – деді.  

Риэлторлардың айтуынша, жағдайдың соншалықты ушығуына себеп жоқ. Өйткені елге келіп жатқан ресейліктердің басым бөлігі қалталы азаматтар емес. Оларға да шарықтаған бағаны төлеу қиынға соғады. «Сол себепті пәтер құны шамамен 2-3 айда қалпына келеді», – дейді сала мамандары.

Сәлия Қожағұлова, риелтор:

- Соңғы аптада жалға беріліп жатқан пәтерлердің құны шамамен 100 мың теңгеге өсті. Алайда бұл үйлер ондай бағаға тұрмайды. Яғни баспана иелері қалай болса да ресейліктердің келуіне байланысты қалыптасқан жағдайды пайдаланып қалмақ. Бірақ біз әріптестерімізбен сөйлесіп, ахуал жаңа жылға дейін реттеледі деген ойға келдік.

Қазақстанға қоныс аударған ресейліктердің бірі – Юрий Фобинский. Жақын арада Астанаға оның әйелі мен балалары да көшіп келеді. Сол үшін жас жігіт тез арада тұратын пәтер іздеп әлек болды. Бір апта ішінде ол баспана тапты, бірақ бағасы қымбат. Юрийдің айтуынша, бұған дейін бұл үйде пәтер қожайынының өзі тұрды. Яғни Ресей азаматы үшін қазақстандықтар пәтерден шығарылған жоқ көрінеді.

Юрий Фобинский, Ресей Федерациясының азаматы:

- Мен осыдан бірер күн бұрын Астанаға келдім. Басында пәтерді тәулігіне 20 мың теңгеге жалдап тұрдым. Кейін тұрақты баспана іздей бастадым. Әзер дегенде бір пәтерді таптым. Оған айына 300 мың теңгеден төлеймін. Қосымша 300 мың теңге депозит бердім. Әрине, бұл баға арзан емес. Бірақ қазіргі саяси жағдайға байланысты осы соманы төлеуге дайынмын. Егер жалға алу құны тағы шарықтаса, әрине, қиналамыз.

Риелторлық компания өкілдерінің мәлімдеуінше, қазір бір бөлмелі пәтерлерге  деген сұраныс ең жоғары. Сондықтан болар, соңғы олардың құны 30-40% өсіп, 250 мыңға жетіп қалды. «Бірақ елорданың сол жағалауындағы құрылыс қарқынын ескерсек, баспана бәріне жетеді», – дейді мамандар.

Тимур Ахметов, риелтор:

- Қазір біз негізінен ресейліктермен жұмыс істеп жатырмыз. Кейбіреулері 2-3 айға пәтер іздеп жатыр. Жарты жылға келісім жасасуға дайын адамдар бар. Бірақ өз басым олар үшін Қазақстан азаматтарын  пәтерден шығарғанын көрген жоқпын. Сәл күте тұрсақ, бәрі реттелетін сияқты.

Риелторлар пәтер жалдамас бұрын міндетті түрде екі жақты келісімшартқа қол қою қажет екендігін ескертеді. Құжатта үйдің төлем сомасын көрсету керек. Сонда ғана пәтер иелері тұрғындарды үйден шығара алмайды.

Авторлары: Дариға Ташенова, Артур Горшняков

Сондай-ақ...