Райымбек ауданының тұрғындарын көмір бағасы қынжылтып отыр

«Ойқарағай» кенішінде қатты отынның тоннасы 8500 теңгеден сатылады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал тұрғындарға жеткенде оның бағасы 16 мың теңгеден асып жығылады. Нұрбибі Қадырбек  өткен қыста он тонна көмір жаққан. Содан артылып қорасында қалғаны осы. Оның өзін үгітіліп кетпесін деп жауып қойыпты. Көпбалалы отбасы биыл да қатты отынды аз-аздан түсіріп алуға бел буып отыр. 

Нұрбибі Қадырбек, Райымбек ауданының тұрғыны: 

- Көмір қымбат, 18 мың еді, енді жиырма мыңға шығады. Сол кезде кім от жаға алады. Арзандатса екен деймін. Халыққа да тиімді болатын еді. Қаншама адам отыр көмірге ақшасын таппай.

Райымбек және Кеген аудандарына көмір «Ойқарағай» кен орнынан жеткізіледі. Онда жылына 40 мың тонна қатты отын өндіріледі. Ол мемлекеттік деңгейде бекітілген бағамен сатылып отыр,- дейді кен өндіруші компания басшысы.   

Ләззат Ботабекова, көмір өндіруші компания директоры:  

- Бұл қымбат емес. Қазіргі кезде жанар- жағармай, электр қуаты, азық-түлік қымбаттағаннан кейін, біз мына жерде жатып істейтін болғандықтан, жұмысшылар үш уақыт тамақтанады. Осының бәрін қосып шығарғанда 8500 теңге болды. Бұл – халыққа көтерімді баға. Әрине, біз жыл сайын 250-300 тоннадай тегін береміз. Ауылдағы қарттарға, жалғызбасты аналарға көмек ретінде береміз.

Кеніште өндіріліп, аудан тұрғындарына жеткізілгенше көмір құны екі есеге дейін көтеріледі. Тасымалдаушылар оны жолдың нашарлығынан деп түсіндірді.

Азамат Бышбаев, жүргізуші:

- Жол мәселесі бар, барып келген сайын көлік бұзылады. Көмірді алып келгеннен кейін бірден өте қоймайды. Ол он күнде өтеді. Халық қарызға алады. Қарызға алғаннан кейін жанын аяғаннан кейін бересің.

Бекжан Жүнісов, жүргізуші:

- Мына 80 шақырымнан келетін көмір мен екі мың шақырымнан келетін көмірдің бағасы бірдей. Көміріміздің сапасы төмен. Жол мәселесі қиын. Не оны түземейді. Жазда түзеп, қысқа дайындап қойса болады ғой. Дөңгелегіміз жарылады, оның өзі 100 мың теңге.

Аудан орталығынан көмір кенішіне дейінгі аралық – 75 шақырым.  Соның 30 шақырымдайы асфальтталған. Қалған бөлігі – қиыршық тас жол. Ол кен өндіруші мекеме меншігінде.

Ләззат Ботабекова, көмір өндіруші компания директоры:  

- Жолды мен үкіметтің өзіне қайтарып берсем деп едім. Себебі бұл біздің мойнымызға үлкен жүк болып тұр. Үлкен шығын, қыс кезінде қарын тазалауымыз керек, оған топырақ төсеп, жаймалаймыз. Жүргіншілерге жағдай жасаймыз. Сондықтан өз ойым, бұл мемлекет меншігіне өтсе, құба- құп болар еді.

Жалғас Сүлейменов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- «Ойқарағай» кен орны және шекаралы аймақ болғандықтан бес шекара бөлімі орналасқан. Ол үшін 47 шақырым жолдың аудан балансына алып жасау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда балансқа алу құжаттары жинақталуда.

Жергілікті тұрғындар жол жөнделіп, логистика мәселесі шешілсе, онда аудан аумағында өндірілетін көмір бағасы да арзандайтын еді деп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев