Жамбыл облысында аудан әкімдігі 5 млн теңгеден аса қаржыны өзге мердігерге аударып жіберген

Жамбыл облысында аудан әкімдігі 5 млн теңгеден аса қаржыны әлдебір компанияға текке аударып жіберген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған қаражат Жуалы ауданындағы жолдарды қардан тазалау үшін бөлінген. Алайда ол жұмысты әкімдікке қарасты мекеме тегін атқарған көрінеді. Енді «Жуалы-Су» кәсіпорыны жұмысшыларына жалақы бере алмай отыр.

Жуалы ауданы – қысы қатты, қары қалың түсетін аймақтың бірі. Аудандағы қар тазалау жұмыстарымен былтырға дейін «Жасыл-Жуалы» мекемесі айналысып келген. Бірақ мекеме 2021 жылы «Жуалы – Су» кәсіпорынына қосылған. «Бірақ өткен қыста қар тазалау жұмыстарына бөлінген ақшаны алмадық», – дейді. Себебі жауапты бөлім бюджеттен бөлінген 5 млн 100 мың теңгені өзге мердігерге аударып жіберген.

Қуанышбек Болысбаев, «Жуалы-Су» КММ директоры:

- Техника бізде болғаннан кейін біз алдық та, тазалай бердік. Әйтеуір орны толатын шығар деп жасай бердік. Ол ақшаны біз алған жоқпыз, көрген жоқпыз. Қыстан өзіміздің шамамызбен шықтық. Щығынға баттық. Сол ақшаның бәрі шығынмен кетті ғой. Қаншама соляркамыз, жұмысшылардың айлығы кетті.

«Жұмысын істеп, қаржысын алмадық» деген мекеме басшысы шығынын кімнен аларын білмейді. Түсірілім тобымен әкімдік ақшасын алған мердігерді таптық. Кәсіпкер бас мердігер ретінде қаржыны ұтып алғанын растады. Дегенмен істелген жұмыстың ақысын, неге екені белгісіз «Жасыл-Жуалы» серіктестігінің бұрынғы басшысына аударған. 

Санжар Орынбасар, мердігер компания директоры:

- Сол кездегі Нұрбек Момбеков дейтін басшының жеке өтінішімен жұмыс тоқтап қалмас үшін өзінің жеке шотына аударып отырдым. Себебі салық төлемегені үшін қарызымыз болды. Оны өздерінде істейтін бүкіл бухгалтерия, инженерлер сөзімді растайды деп ойлаймын.  

Тұрғын үй коммуналдық бөлім басшысы мәселеге бас қатырғысы жоқ. «Тапсырыс беруші мекеме болғандықтан, тек жұмыстың орындалғаны маңызды», – дейді.

Қайрат Жатқанбаев, Жуалы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Былтырғы жұмыс қой. Енді ол «Компрессор» мен «Жуалы-Судың» арасындағы әңгіме, дұрыс па? Енді ары қарай өздері шешеді. Ақшасын келіссе, аударады.

Қоғамдық кеңес мүшелері күдікті істі құзырлы мекемеге жолдаған. Қазір зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы «Жуалы-Су» мекемесі шығынға батқан кәсіпорындар тізімінде. Бүгінде 100 млн теңгеден аса қарызы бар. 

Авторлары: Мерей Бает Руслан Ахатіллә