Мемлекет тарапынан қайтарымсыз көмек алғандар саны артып келеді

Елімізде мүгедектігі бар еңбекке қабілетті жандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар бірнешеу. Солардың бірі – қайтарымсыз грант. Осы әлеуметтік бейімдеу құралына соңғы жылдары сұраныс артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында шағын кәсіп бастап, табыс тауып отырғандары да бар.

Тимур Орманқұлов: «Жастайымнан еңбекке құмар болдым», – дейді. Арманы – жаны қалаған кәсіппен айналысып, елге пайда тигізу. Сол үшін де 21 жасында анасымен бірге талай банктің табалдырығын тоздырып, қаржылай қолдау іздеген. Олар болса, әлеуметтік осал топ өкілінің қолын қайтарудан жалықпайды. Несиеден күдер үзген жан әлеуметтік қолдау гранты жайында кездейсоқ естігенін айтады.

Тимур Орманқұлов, дыбыс жазу студиясының жетекшісі:

- Грант берілетінін  естідім. Үмітім үзіле бастаған шақта Құдай маған мүмкіндік сыйлаған екен. Видеоконтент түсіріп, жастармен жұмыс істейтін жобам туралы өтінім білдірдім. Жоспарым қолдау тапқанына алғашқыда сене алмадым. 3 млн теңге грант иелендім. Сол сәттен бастап әрі қарай жұмыс істеуге деген құлшынысым артты.

Үміт оты арманына жетелеген Тимур қазір екінші студиясын ашты. Адал табысын өзі ғана емес, айналасына топтастырған 9 адамды жалақымен қамтуға жұмсап отыр. «Мүгедек» сөзін қолданғанды ұнатпайтынын айтады. «Мәселе тек ерекше жан болғанымызда», – дейді. Биыл Астанада әлеуметтік осал топтағы 28 адам осындай грант ұтты. Өтінім берушілер саны жыл санап артып келеді.

Қуаныш Кәдір, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысының м. а.:

- Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қабылданды. Сол бойынша кәсіпкерлерге, соның ішінде ерекше назарға алынған әлеуметтік осал топтағы адамдарға 5 млн-ға дейін гранттар беріледі. Көпбалалы аналар, қандастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасылар сол қатарда. Бірақ айта кететін ескерту – грант беру «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен мониторингіленеді. Яғни бір жылдан кейін кәсібіңіз іске асып жатыр ма, одан кейін сіз мемлекеттен алған грант сомасын мақсатты пайдаландыңызба деген мониторинг жүргізіледі.   

Иә, қаржылай қолдау алдың ба, жоспарға сай пайдалан. Басты талап осы. «Мемлекет тарапынан қайтарымсыз көмек алғандар қатарында заңбұзушылық анықталған жоқ», – дейді әкімдік өкілдері. Айта кетерлігі, елде осындай әлеуметтік қолдау шаралары барын біреу білсе, екіншісі бейхабар.

Жәнібек Успанов, «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Жәрдемақыға ғана қарап отырмай, әлеуметтік бейімделу маңызды. Кейде мүмкіндігі шектеулі жандар талпыныстың арқасында кез келген салада жетістіктерге жетіп жатқанын көріп жатамыз.Әлеуметтік қорғау министрлігінде әр адамның мәліметі бар, сол арқылы смс-хабарламамен ақпараттандырып отыруға болады.

Тимур Орманқұлов, дыбыс жазу студиясының жетекшісі:

- Мен сияқты ерекшелігі бар қарапайым жігіттер көмекті қайдан күтеді дейсіз? Комиссия алдында сөйлегенімде бізге аса көп ешнәрсе қажет еместігін түсіндіргім келді. Осындай студия ашып, әлдекімнің идеясы мен арманын жүзеге асыруға көмектескіміз келетінін айттым. Біз бұл жерде сапалы ән, музыка жазып, видео түсіреміз. Бізге музыкалық құрылғылар, синтезатор, гитара, микрофон сатып алу керек болды. Ал оның бәрі арзан тұрмайды.

Елімізде мүгедектігі бар 705 мыңнан астам адам тұрады. Оның 420 мыңы жұмысқа қабілетті болса, 120 мыңға жуығы көшпен ілесе еңбектеніп жүр.

Спабек Садықов, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:

- Жұмыссыз азаматтар немесе жұмыс іздеп жүрген азаматтар, оның ішіндегі мүгедектігі бар жандар мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары, бизнес идеяларды қолдайтын гранттар, болмаса, онлайн оқытулардан өте алады. Қазіргі таңда 19 қыркүйектен бастап 4-ші лек басталды. Кез келген адам, жаңағы бизнесті қолдауға қатысқысы келетін адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы немесе business.enbek.kz порталы арқылы өтінімдер жолдауына болады. Жалпы 20 мыңдай грант беру жоспарланған, соның ішіндегі 10 мыңға жуығы азаматтардың жекелеген санаттарына арналады. 446 мүгедектігі бар жан осы грантты алып отыр.

Гранттан бөлек, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары қарастырылған. Түйгеніміз, ынта болса, қолдау да жоқ емес.

Авторлары: Рухани Асқар, Ербол Дайыров