«Астрахань-Маңғыстау» су құбыры 80% тозған

Осыған байланысты тек Атырау ғана емес, аталған су құбырын пайдаланып отырған Маңғыстау облысына да су беруде шектеулер болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бастауын Ресейден алатын Қиғаш өзенінен тартылған су құбырының ұзындығы 1000 шақырымнан асады. Құбыр Атырау облысының 4 ауданын басып өтіп, бойындағы елді мекендер мен жүздеген кәсіпорын-мекеменің ауызсуға деген қажетін өтеп келеді. Алайда көп жылдан бері жөнді жөндеу көрмеген магистраль мен қондырғылар тозған. Тағы бір проблема – алыстан тасымалданатын болғандықтан Құлсары қаласында су бағасы өте қымбат. Мұнда бір текше метр суға жеке тұлға 185 теңге төлейді.

Гүлбаршын Махомова, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Бізде техникалық су жоқ. Осы бақшамызға талдың бәріне осы тұщы суды құямыз. Су беретін уақытында су тоқтап қалады. Кішкене қымбаттығы бар, айына 5 мың теңгеге жуық шығып жатыр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- 85 мыңдай тұрғыны бар Жылыой ауданының бірден-бір тіршілік нәрі осы арадан алынады. Бұл – «Қазтрансойл» мекемесіне қарасты «Қиғаш-Маңғышылақ» су торабының бойы. Осы жерде қазір 30 мың текше метрдей су сақтаулы тұр. Әзірге ешқандай кідіріс жоқ. Дегенмен де бұл жалғыз су көзі болғандықтан оған да баламалы құбырлар керек екені анық. 

Жылыой ауданында жеке сектор мен көп қабатты үйлерді қоса есептегенде 14 мың су абонент бар екен. Олар ауданішілік 262 шақырымдық су құбырына тәуелді

Сәкен Оңдасов, Су дайындау орталығының инженері:

- Жаз айларында күн ысығанда судың қысымын 3,4 ке дейін көтереміз. Тәулігіне 13-14 мың су беріледі. Қазір күн салқындаған кезде 6-7 мың жеткілікті. Бізге суды кесте бойынша беріп отыр. Әзір енді кідіріс жоқ.

Кестемен берілетін тіршілік нәрінің көсегені көгертпейтіні белгілі. Сондықтан жергілікті билік су дайындау орталығына қосымша сыйымдылығы 5 мың текше метрлік 2 су қазандығын қойған. Әзір сонымен амалдап отыр.

Амангелді Сатыбалдиев, «Жылыой су» мекемесінің директоры:

- Бұл – жалғыз су көзі, оны егінге де, техникалық қажеттіліктерге де барлығына пайдаланып отырмыз. Бізге қосымша тағы бір су көзі болғаны жақсы болар еді. Неге десеңіз, халық саны өсіп барады. Бәрінің тұтынып отырғаны – тек таза су.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы сәуірде «Астрахань-Маңғыстау» су құбырын жаңартуды тапсырған еді. Президент облыс тұрғындарының бір бөлігі мен өңірдегі бірқатар ірі мұнай өндіруші компания осы магистраль суын тұтынып отырғанына назар аударған болатын. Бірақ өңір үшін өте маңызды жоба толығымен жүзеге асар емес.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев