Салық төлемегендерді қандай жаза күтіп тұр?

Осы жылдың 1 қазанында жылжымайтын мүлік және жер иелерінің 2021 жылға мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы орайда салықтық міндеттемені орындауға асықпайтындар да бар. Мемлекеттік кірістер комитеті қай өңірде мүлік салығын төлемейтіндер көп екенін айтты.

40 АЕК-тен артық қарыз болған жағдайда азаматқа Қазақстаннан кетуге тыйым салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, жеке сот орындаушы басқа шоттарды бұғаттап, берешектен 25% артық төлем өндіріп алуға құқылы. Сондықтан Мемлекеттік кірістер комитеті салықты уақытылы төлеуге кеңес береді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мүлік салығын төлемеген жеке тұлғалардың көбі Алматы облысында шоғырланған. Саны 179 мың адамнан асады. Антирейтингті Қарағанды жалғастырады.

Облыстағы 139 мыңнан артық азамат салық төлемеген. Тізімде Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары бар. Мүлік салығын төлемегендер саны көп өңірлердің тізіміне Шымкент кірді. Оңтүстіктегі 120 мыңнан астам адам жер және мүлік салығы бойынша қарызын жаппаған. Егер бұл азаматтар 1 қазанға дейін салықты төтелемесе, келесі күннен бастап борышкерлерге хабарлама келеді.

Бір айлық есептік көрсеткіштен астам берешек үшін хабарлама табыс етілген соң, отыз жұмыс күнінен кейін оны мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. Бұл салық бұйрығы 5 жұмыс күннен кейін жеке сот орындаушыларына беріледі. Сонымен қатар салық берешегі болған кезде банктер жеке тұлғаларға банк шоттарын ашудан бас тартуға міндетті. Бірақ бұған жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, зейнетақылар, алименттер алуға арналған банк шоттарын, сондай-ақ білім беру жинақтау салымы шоттары жатпайды.