Ресейліктер құжатын реттеп жүр

Алматының Жетісу ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы бүгіннен бастап күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі белгілі. Ресейден келген азаматтарға жеке сәйкестендіру номері осы жерде беріліп жатыр. Ғимараттың екінші қабаты көрші елдің азаматтарына арналған. Онда жиырма менеджер жұмыс істейді. Алматыға ат басын бұрып, құжаттарын реттеуді жөн көрген ресейліктердің дені осында кезек күтіп тұр. Халыққа қызмет көрсету орталығының мәліметі бойынша, түске дейін 500-ден астам шетелдікті қабылдаған. Солтүстіктен келгендердің көбі ер азаматтар және техникалық сала мамандары.

Біз кеше жеке сәйкестендіру номерін алуға өтініш бергенбіз. Бүгін соны алуға келдік. Бізге құжат дайын болды деген SMS хабарлама келді. Әлеуметтік желіде Ресейден келгендерге арналған парақша бар. Ақпаратты сол жерден де біліп тұрамыз. Онда жарты сағат сайын хабарландырулар келіп тұрады.

Мамандардың айтуынша, кейінге күндері жеке сәйкестендіру номерін алуға келгендердің үлесі 70 пайызға артқан. Бірақ орталықтың айналасында ұзын-сонар кезек байқалмайды. Барлығы тиісті талондарын алып, құжаттарын реттеуге кіріскен.  

Жаңыл Әпетова, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алматы қалалық филиалының PR-менеджері:

– Жеке сәйкестендіру номерін алу үшін шет елдіктер өзінің жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек. Өтініш жазады және басқа біру атынан келіп тұрса өзінің уәкілетті адамының нотариалды сенімхаты болу керек. Оны сканерлеп, құжаттарын рәсімдегенше, 10 минут уақыт алады.