Алматыда жалдамалы пәтер нарығы қашан реттеледі?

Алматыда пәтерақының өсуіне көлеңкелі нарықтың ықпалы басым. Сарапшылардың пайымы осындай. Ал пайда көздегендер, жылжымайтын мүлкін ақылға симайтын ақшаға саудалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шын мәнінде Алматыда бір бөлмелі пәтердің орташа жалдау құны 200 мың теңге шамасында. Ал жанама нарық қалай жұмыс істейді? Алматыда баспананың жыры жыл сайын тамыздың басында басталады. Студенттер легімен нарық та құбылып, бағаның бас бермей кететіні бар. Бұл үйреншікті жағдай екенін айтады сарапшылар. Маусымдық дүрбелең басылған соң баға да тұрақталатын. Алайда ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғысы келетіндер жалға беретін пәтерлерінің құнын қымбаттатып қойған.

Мен өзім сезініп көріп жатырмын, мен пенсионермін, пәтерде тұрамын, міне, қазір көбейтіп жатыр. Енді не істеймін. Екі есе көбейтіп жатыр.

Ол деген адамның ұятына байланысты ғой. Бірақ қазір көптеген 80-90 процент адам өзінің пайдасына жұмыс істеп жатыр.

Жалдау құнының қымбаттап кетуін тұрғындар елімізге келіп жатқан ресейліктермен байланыстырады. Сұраныс артқан соң баға да өсетіні заңдылық. Бірақ бағаның күрт өсуі Ресеймен шекаралас облыстарда байқалады. Еліміздегі ірі жарнама сайтының сарапшы мамандары соңғы бір аптада Алматы қаласында пәтер жалдау құны бар болғаны 5 процентке өсті деп отыр.

Севиль Дарган, жарнама сайтының жетекшісі:

– Жарнама сайтында бір түнде пәтер бағасы қымбаттады деген шындыққа жанаспайды. Жалпы жыл басынан бері Алматыда пәтердің жалдау құны 30 пайызға өсті. Әлеуметтік желідегі ресейліктерге қатысты әңгімеден соң бағаның тағы 5 процентке көтерілгенін байқадық. Жалпы қолжетімді пәтер сайтта ұзақ тұрмайды. Тез өтіп кетеді. Ал бағасы 800 мың-1 миллион теңге тұратын бірен-саран пәтерлер бұрыннан бар. Алушысы болмаған соң олардың жарнамасы сайтта тұра береді. Нәтижесінде, сайтты ашқандар соларды көріп алып нарыққа асығыс баға береді.

Еркен Кокумбаев, риэлтор:

Мәселен, қазір Алматыдағы Бостандық ауданын алайық, салыстырмалы түрде алғанда бұл қымбат аудан саналады. Бірақ осы ауданнан бір бөлмелі пәтерді 150-180 мыңға еш қиындықсыз табуға болады.

Сонда халықтың қалтасын қаққан қымбат пәтерлер қайдан шығып жатыр? Ел арасында «жетім бұрыш» атанып кеткен Мақатаев көшесі мен Қонаев көшесінің қиылысындағы «қара базарды» да аралап көрдік. Пәтер иесі мен жалдаушының арасындағы делдалдың айтуынша, бағаның шарықтағаны рас. Оның айтуынша бұған дейін, 25 мың теңге тұрған екі бөлмелі жер үй қазір 60-70 мың шамасында екен. 

Ғабит, маклер:

– Кейбір хозяиндар айтады, менің клиенттерімді шығарып, арзанға тұрып жатқан, 200 мыңға трех комнатныйды снимать етіп жатқан клиенттерімді шығарып, соны 600-ге көтерсем қалай дейді. Мен айтамын, ұялмайсың ба деймін. Сен договор жасадың ғой, құдайдан қорықпайсың ба, болмайды дедім.

Қолдан келсе, қармап қалу қазіргі таңда кейбіреулер үшін әдетке айналған. Пәтер нарығындағы жағдай соның көрінісі. Ал Үкімет басшысы жергілікті құзырлы органдар тұрғын үй нарығын тұрақтандыру үшін тиісті шаралар қабылдануы керектігін айтты. Тұрғын үйді жалға берушілер сияқты, жалға алушы азаматтардың да құқы қорғалуы тиіс.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов, Эдуард Кон