Ерекше балалардың білім алуына бар жағдай жасалады – Ақмола облысы

Ақмола облысында биыл инклюзивті білім беруге арналған 6 жаңа кабинет ашылды. Олар орта мектептерде орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерекше балаларды қолдау мақсатында жабдықталған ондай сыныптарда арнайы білімі бар педагогтар сабақ береді. Ал олар мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуына қаншалықты үлес қоса алады? Бұл – Көкшетау қаласындағы №19 орта мектептің инклюзивті білім беру ресурстық орталығы. Ол осыдан 8 жыл бұрын ашылған. Яғни аталған білім ошағы, ерекше балалардың оқуы мен тәрбиесіне көңіл бөлген аймақтағы алғашқы мектептердің бірі. Қазір мұнда 76 бала тәлім алады. Ал олармен логопед, дефектолог және психолог секілді 10 шақты маман жұмыс істейді. Мұғалімдердің сөзінше, балалардың дамуында ілгерілеу байқалады.

Ілияс Жанғали, №19 мектептің инклюзивті білім беру жөніндегі үйлестірушісі:

– Түзету дамытушылық жұмыстарының нәтижесінде оқушылардың білім жағында, сөйлеу жағында және танымдық процестер жағында оң нәтижелерін көрсетіп отыр. Мектебімізде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі құрылған. Инклюзивті білім беру курстарынан өткен 96 педагог бар 105 педагогтен.

Дәл осындай инклюзивті кабинет саны қазір аймақта 20-ға жуықтайды. Олар облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында бар. Соңғы уақытта айрықша балаларды қолдайтын мұндай сыныптар алыс ауылдарда да ашылып жатыр. Себебі, сұраныс көп.

Марал Қоспанова, облыстық білім басқармасының бас маманы:

– Облыс көлеміндегі 19 инклюзивті кабинетте барлығы 600 бала қамтылған. Оқушылармен 95 педагог жұмыс істейді. Ал, олардың қызметіне ата-аналар жағы дән риза. Сондықтан мұндай орталықтарды ашуды ары қарай да жалғастыра бермекпіз. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін осындай 103 кабинет жабдықталады.

Осылайша жауаптылар, жыл сайын 30 шақты инклюзивті сынып ашуды жоспарлап отыр. Ал, әр кабинетті жабдықтауға 10 млн теңгеге жуық қаржы қажет. Қажетті сома облыстық бюджеттен бөлінеді.

Айта кетейін, Ақмола облысында қазір айрықша білім беруді талап ететін 11 мыңнан астам бала бар. Ал, олардың 1 жарым мыңға жуығының мүмкіндігі шектеулі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный