ШҚО-да жол құрылысы мамандары бір жылдан бері жалақысын ала алмай жүр

Шығыс Қазастан облысында Омбы – Майқапшағай тас жолын жөндеу барысында тағы бір мәселе туындады. Жолда жұмыс істеп жүрген жүрген техникалық қадағалау қызметі мамандарының жалақы алмағанына жылға жуықтапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, тапсырыс беруші тарап яғни «Қазавтожол» ұлттық компаниясы олармен есеп айырысуға асығар емес. Шығыс Қазақстанда ширығып тұрған жол мәселесінің бірі Омбы – Майқапшағай бағыты.Биыл аяқталу керек болған жоба тағы 1 жарым жылға созылды.Себеп сол – кезіндегі карантиндік шектеулер әсері.Тек бұл жерде жолға техникалық қадағалау жасап жүрген компанияның ешқандай кінасы жоқ. Инженер Фархат Аязбаевтың отбасы қалада, өзі осылай апталап далада. Бар болғаны табан ақы маңдай терімізді алсақ болды,басқа сұрарымыз жоқ дейді ол.

Фархат Аязбаев, жол қызметкері, инженер:

– Соңғы айарда жалақы көрмедік деуге болады. Несиелерімізді жаба алмай жатырмыз.Қарызым көбейіп кетті. Отбасым қалада, өзім осылай апталап іссапарда жүремін. Көп ешнәрсе сұрамаймыз, өз еңбекақымызды ғана сұрап келеміз.

Еңбакақыны төлемей отырған, қызметке тапсырыс берген «Қазавтожол» ұлттық компаниясы екен. Сондықтан қазан айынан бері техникалық қадағалау мекемесі өз қотырын өзі қасып келеді.Яғни ұйым басшылығы жұмысшыларының еңбекақысын несие алып төлеуге мәжбүр.Соның өзінде кейде айлап кешігіп қалады. Қазавтожол өкілдері болса, өздерін берешекпіз деп санамайды. Екі арадағы 709 миллион теңгенің 500 миллион теңгесі төленді,қалғанын да төлейміз деп отыр.

Андрей Джен «Қазавтожол» ҰК техникалық саясат департаментінің директоры:

Екі жүз миллион теңге берешекпіз деп айта алмаймын. Олар бұл соманы 35 адам толық құрамда қызмет көрсеткендей есептеп тұр. Ал негізінде 10 адам ғана жүрді. Олар «бізге берешексіңдер деп айтып тұрған, 200 миллион теңге» – келісімшартпен төленетін қалған қаражат мөлшері. Яғни ол техникалық қадағалау ұйымы жаңа жұмыс кестесін әкеліп, жоспарын өткізген кезде ғана төленеді.

Бірақ техникалық қадағалау қызметі құрылыстың осыншалықты созыларын кім білген дейді.Енді әу баста бекітілген соманы бұл жол жөнделіп біткенше, қалай жеткіземіз деп таң қалады.Оның үстіне «Қазавтожол» компаниясының өздерімен арадағы келісімшартты неге созбай отырғанын түсіне алмаған.

Николай Анпилогов, техникалық қадағалау қызметі команиясының директоры:

– Шілде айында осында жұмыс істеп жүрген мердігер компаниямен арадағы 54 айлық мерзімдік келісімшарт уақыты аяқталып,ол қайтадан келер жылдың желтоқсан айына дейін ұзартылды. Біздің жұмысымыз да сол мердігер компанияның жұмысына байланысты ғой. Ендеше бізбен арадағы келісімшарт мерзімі де ұзартылу керек емес пе. Осы құжат болмағандықтан бізге қосымша қаражат қарастырылмай отыр. Барлық құрылыс аяқталғанша қалған 200 миллион теңгені қалай жеткіземіз.

Сонымен екі тарап арасындағы түсініспеушілік әлі біткен жоқ. Техникалық қадағалау қызметін көрсететін компания жұмысты орта жолдан тастап кете алмаймыз дейді. Бірақ жалақы мәселесін қашанға дейін өз күшімізбен шешіп жүре аламыз, ол да белгісіз деп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов