Шетелдік жұмысшыларға шектеу қойылуы мүмкін

Шетелдік жұмысшылар Қазақстанның еңбек нарығына қауіп төндіретін болса, жауапты ведомство олардың қызметіне шектеу қоя алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжіліс қабырғасында осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, мұндай жағдайда министрлік жұмыс берушіге шетелдіктер санын реттеуді талап етуге құқылы. Дәл қазір елде жұмысқа орналасқысы келетін шетелдіктер саны 5 мыңнан асқан.

Тамара Дүйсенова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Еуразиялық одақтағы шартымызға сәйкес біздің азаматтарымыз сол одаққа кіретін мемлекеттерде рұқсатсыз жұмыс істеуіне болады. Тура сол сияқты олардың азаматтары келіп, бізде рұқсатсыз жұмыс істей алады. Бірақ келген азаматтар  ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін болса, онда біз қажетті салаларға келетін азаматтарға шектеу қоя аламыз.

Мәжіліс депутаттары шетелдіктердің Қазақстанда жұмысқа орналасуына қазірден бастап шектеу қою қажет дейді. Өйткені олар еңбек нарығына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, жұмыссыз жүрген өз азаматтарымыз аз емес. 

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазір біз бұл саланы Еуразиялық экономикалық одақ аясында реттеп отырмыз. Бірақ алдағы уақытта шетелдік жұмысшылардың санына шектеу қою керек. Сондай-ақ қазақстандықтарға басымдық берілу керек деген ойдамын. Өйткені біздің елде білім беру, медицина сынды маңызды салаларда екі қолға бір күрек таба алмай отырғандар қаншама.