Дүниежүзі қазақтары құрылтайына 30 жыл

Бірінші Дүниежүзі қазақтары құрылтайына 30 жыл. Осыған орай Астанада халықаралық форум өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алқалы жиынға Еуропадан, Әзірбайжан, Монғолия, Түркия, Ресей, Өзбекстан елдеріндегі ағайын келді. Шетелдегі қазақ диаспораларының жұмысы, көші-қон, отандастарымыздың жаһандық әлемге бейімделу мәселелері қарастырылды. Алтынай Жүнісова – Омбыдағы қандастарымыздың үкілі үмітін арқалап жүрген қазақтардың бірі. Ол осыдан 30 жыл бұрынғы дүниежүзі қазақтары құрылтайына да қатысып, сан қазақтың қуанышына куә болған. Ол кезде шеттен келген қандастардың арасында ең жас өкіл едім деп еске алды. Қазір Омбыдағы қазақ мәдени орталығын басқарып қана қоймай, ана тілін сақтап қалу үшін жан ұшырып жүр. Қазақ балаларын өздері шығарған қазақ тілді кітаппен оқытуды қолға алған. 

Алтынай Жүнісова, «Мөлдір» мәдени орталығының өкілі /Ресей/:

– Өзіміз қазір Ресейдегі қазақтар бірігіп, қазақ тілінен оқулықтар жасадық. Қазір типаграфияда дайын тұр. Сол оқулықтармен балаларымызды оқытып жатырмыз. Домбыра, би, вокал үйірмелері бар. Қазақ күресін, тоғыз құмалақты жаңғыртамыз. Бүгінгі күні қазақтар көп тұратын аудандарда қазақ мәдени орталықтары ашылып жұмыс істеп жатыр. Ал наурыз болсын, балаларымызбен үлкен шара ұйымдастырамыз.

Осы тұста тарихқа сәл шегініс жасап, Дүниежүзі қазақтары құрылтайына тоқталсақ. Алғаш рет 1992 жылы 30 қыркүйекте әлемнің 33 елінен 800-ден аса қандас Алматыдағы құрылтайда бас қосты. Дәл сол жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру мәселесі қаралды. Екінші құрылтай 2002 жылы Түркістанда өтті. Одан кейінгі жаһан қазақтарының басын қосқан жиындар 2005, 2011, 2017 жылдары Астанада ұйымдастырылды. Сол жылдары көтерілген азаматтық, қандас мәртебесі, жастардың атамекенде білім алуы сияқты бірқатар мәселе бүгінде өз шешімін тапқан. Ал, бүгінгі халықаралық форумда да көші-қон, шетелдегі қазақтармен мәдени байланысты дамыту мәселелері талқыланды.

Ботагөз Қайыпова, ҚР Тұңғыш Президент кітапханасы директорының орынбасары:

– 1992 жылғы қазаққа үміт берген тарихи оқиғаның маңыздылығын көрсетуді үміт етіп отырмыз. Міне, бүгін 12 елден онлайн да, оффлайн да қандас бауырларымыз қатысып отыр.

Жиынға келген қандастардың тілегі бір. Атамекенмен арадағы мәдени-рухани байланыс үзілмесе дейді. Қазақ картасын енгізу, азаматтық, қандас мәртебесі, білім алу мәселелерін жеңілдету сияқты сұрақтар оң шешімін табады деген үмітте. Бүгінде төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың саны 6 миллионнан асқан. Әлемнің 40-тан астам елінде қазақ диаспорасы бар. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Атамекенге 1 миллионнан астам қандас оралған.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Асхат Қарақойшиев