Жамбыл облысында жиын-терім науқаны аяқталуға жақын

Елде күзгі жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Қазір Жамбыл облысында картоп пен майлы дақылдар жиналып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал диқандар биыл егістің бітік шыққанын айтады. Аймақ фермерлері 270 мың тонна картоп алудан үмітті. Бүгінге дейін алқаптағы өнімнің 88 пайызы жиналған. Жамбыл облысында биыл 72 мың гектарға майлы дақылдар егілді. Оның 22 мыңнан асасы Жуалы ауданына тиесілі. Нәсібін жерден жиған диһандар биыл әр гектарына 7 центнерден мақсары жиса, биыл 10 центнерге дейін өскен. Жалпы облыс бойынша 46 мың тонна мақсары жиналады деп күтілуде. Мамандар мұндай нәтижеге, дұрыс тұқым таңдаудың арқасында жеттік дейді.

Рахымғазы Қуниязов, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:

– Тұқым шаруашылығын аштық. Жыл сайын 10-15 тонна элиталы тұқымдар алып келіп егіп, бірінші репродукциялары жақсы сапалы тұқымдар алып, оны өзіміздің шаруаларға сатып отыр. Сонымен қатар ауданда техникаларды жаңарту жұмыстары жыл сайын жақсы жолға қойылып келе жатыр. Қазір 800 млн.ға 88 ауыл шаруашылық техникалары алынып отыр.

Ауданда мақсары майын өндіретін кәсіпорындар да бар. Егер кәсіпкер жиған дақылын жергілікті өңдеу цехына өткізсе, әр келісіне 10 теңге субсидия алады. Қазіргі таңда егіс даласында 100 ден комбайн жұмыс істеуде. Ауданда картоп қазу жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Былтыр 1 гектардан 15 тонна өнім алған шаруалар, биыл 25 тоннаға дейін жетті дейді. Дегенмен, мәселе де жоқ емес.

Сергей Зинченко, шаруа:

Бізде арықтың мәселесі бірінші орында тұр. 5 жылдан бері бас қатырып келеміз. Себебі канал болғанымен, құмды жерлермен өтеді. Сондықан алған суым алқапқа жетпей сіңіп кетеді. Мәселен 50 литрға ақша төлеп алатын болсам, соның 10 ғана жетеді. Бізге бетон каналдар ауадай қажет.

Рахымғазы Қуниязов, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:

10 каналды ұсынып отырмыз. Енді алдағы уақытта оның ПСД-сы яғни жобалық сметалық құжаттары. Содан кейін экспертизадан өткізіп, жасайтын боламыз.

Бүгінде Ақсай каналында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 4,5 шақырым арна толықтай бетондалса, су едәуір үнемдемек. Сол арқылы жауаптылар егістік аумағын да кеңейтеміз дейді.

Авторлары: Мерей Бает Руслан Ахатіллә