Соңғы бір аптада 100 мыңнан аса ресейлік Қазақстанға аяқ басты

Қаншасының елде қаншалықты ұзақ тұрақтайтыны беймәлім. Бірақ кей өңірде қонақүй-хостелде жатын орын қалмағаны белгілі. Қазақ Туризмге тиесілі Е-қонақ жүйесінде тіркелгендерін тізіп айтсақ. Қыркүйектің 21-і мен 28-і аралығында 45 мыңнан астам мейман қонақүй, хостелде тоқтады. Оның ішіндегі ресейліктердің саны 38 мыңнан асып жығылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбі Астанаға (10 235 адам) келген. Сондай-ақ Алматы (4 463 адам),  Ақтөбе (3 960), Қостанай (3 168)  және Батыс Қазақстанның қонақүйлерін паналағандары аз емес.

Теріскейдегі шекарадан бері қарай ағыла бастағаны сол еді, халық арасында қызу пікірталас туды. Бұл мәселеге қатысты зайырлы қоғамға тән ұстанымда болуымыз керек, деп мемлекет басшысы халықты сабырға шақырды. Араздықтың түбі жақсылыққа апармайтынын аңғартты. Ия, жалған үгіт жүргізуге дайын тұрған сырт күштер бар. Оларға бірде-бір ілік, бірде-бір сылтау бермеуіміз керек, - дейді саясаттанушы Данат Жумин. Ұлтараздықты тұтатуға жол бермеудің тағы бір амалы – әділет министрлігіндегі халықаралық сот жүйесімен жұмыс істейтін заңгерлердің қызметін күшейткен абзал. 

Данат Жумин, саясаттанушы:  

- Қазір былай, мысал үшін, бір депутат немесе бір журналист Қазақстан туралы жалған ақпарат айтса, біз не істейміз әдетте? Мүмкін біздің Сыртқы істер министрлігі арнайы нота жасайды. Біздің қоғам әлеуметтік желілерде өз пікірін айтады, бұл дұрыс емес деп. Ал заң бойынша біз не істейміз? Қазақстан туралы жалған ақпарат тарататын, азамат білуі керек: біз оны заңмен қудалаймыз. Қазақстанда болсын, Ресейде болсын, Қытайда болсын.

Аймақтағы және оның біздің елдегі ахуалды қазір жаһан елдері жіті бақылап отыр. Оны әлем баспаларында Қазақстан жайлы жиі жазылып, әйгілі блогерлердің әлеуметтік желіде жиі айтылуынан-ақ байқауға болады. Пиар және маркетинг саласының маманы Геннадий Захаров қалыптасқан ахуалға қатысты сараптама жасады.

Атап айтқанда, CNN, BBC, The Washington Post, Aljazeera сынды 10 ірі баспа мен аудиториясы ауқымды орыс тілді блогерлер мен ақпарат құралдарының еліміздегі жағдайды қатысты бағамдай жазғанын талдады. Айтуынша, Қазақстанға кемінде 2 млн АҚШ долларына татитын тегін жарнама жасалған. 

Геннадий Захаров, маркетолог:

Көбіне оң және бейтарап көзқарастың қалыптасқанын көруге болады. Украинадағы майданға барғысы келмейтін, соғысты қолдамайтын ресейліктердің шекара асуына Еуропаның кей елдері сияқты Қазақстан бөгет жасап жатқан жоқ. Оған қоса оларға ерекше жағдай жасап жатқан да жоқпыз. Өйткені біз ресейліктерге өзге шетелдіктерге қараған сияқты қарап отырмыз. Яғни көші-қон қатынасы күнделікті заң шеңберінде іске асып жатыр. Жай ғана заңға бағына отырып, өзімізді әлемге жақсы қырымыздан көрсетіп жатырмыз. Міне, ештеңе істеместен, жағымды пиарға қол жеткізе алдық.

Шетелдің ақпарат құралдарында жарияланатын жаңалықтар мен аузы дуалылардың желіде айтатын ойлары тұтас Қазақстанның имиджін қалыптастыратыны рас. Бұл ретте, саясаттанушы мен маркетолог маманның ойы бір арнаға тоғысқан. Айтуларынша, қоғамда гуманистік көзқарасты қалыптастыра білсек, жаһан алдында жүзіміз жарық, ұпайымыз түгел болмақ.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Руслан Әлиев, Нұрғали Мамурбаева