Алдағы 3-4 жылда Торғай өңіріне тың серпін беретін жобалар іске асады

Жиналғандардың назарына ұсынылған инвестициялық жобалар кең де ауқымдылығымен ерекшеленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның бәрі құр сөз емес, шын ниет екендігін сезіндік. Экономикалық дамудың алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Мысалы, Арқалықта бір жыл бұрын ашылған тері өңдеу зауыты өз өнімдерін шетелдерге шығара бастаған.

Ержан Салықов, «Үміт» ЖШС құрылтайшысы:

- 80% экспортқа кетеді. Осы былғарыдан өзіміз не шығарамыз дедік те, сол бастадық. Жол сөмкесін, ертоқым шығарамыз.

Алдағы бес жылдың ішінде облыстың оңтүстік өңірінде жүзеге асырылатын жобаларға  465 млрд тенге жұмсалмақ. Шамамен 4,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылады.

Асылан Жаныспаев, Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Оның ішінде алты жоба агроөнеркәсіп кешеніне қатысты. Төртеуі тау-кен металлургиясын қамтиды. Үш жоба жеңіл өнеркәсіпке тиесілі болса, қалғандары сауда, туризм, құрылыс индустриясы, энергетика және азаматтық авиациямен байланысты.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

- Ежелден бұл өңір мал шаруашылығымен айналысқан. Алайда мынау жобалардың арқасында соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінің дамып келе жатқандығын анық анғарамыз.

Оңтүстік аудандардың жер қойнауының байлығы инвесторларды қызықтырып отыр. Олар осы жерлерде полиметалл кендерін өңдейтін үш фабрика және кен байыту комбинатын салмақ ниетте.

Сергей Кряжевских,  «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС бас директоры:

- Біз қазір геофизикалық, геохимиялық  зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соның қорытыныдсы бойынша бұрғылау жоспарын құрамыз. Жыл аяғына дейін бұл жұмысты бастап кету ойымызда бар.

Аманкелді ауылында құны 2,8 млрд теңге болатын туристік көпфукционалды кешен салынып жатыр. Бұл жаңа құрылым оңтүстік өңірлерде туристік кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг