6 қазан күні Астанада «Amanat» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтеді

Жиынға елдің барлық өңірінен делегаттар келмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған дейін партияның барлық филиалдары жер-жерде саяси тұғырнама жобасын талқылайды. «Amanat»-тың еліміз бойынша 14 мыңнан астам мүшесі партияның аумақтық филиалдарының 225 конференциясына қатысты. Аманаттықтар тұғырнама саяси диалогты нығайтуға жаңа серіпін береді, деген пікірде. Әсіресе, құжатта мемлекеттік тілдің маңыздылығына басымдық берілгенін ерекше атаған.

Әскерхан Хуанбай, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты:

- Қазақ тілі мыңжылдық мәдениетіміз бен өркениетіміздің негізі әрі тірегі саналады. Мұның тұғырнама мәтінінде көрініс тапқаны аса маңызды. Мемлекеттік тілді қолдауға, ұлттық құндылықтарымызды, дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды қорғауға көбірек көңіл бөлу қажет. Саяси реформа бастамаларын толық қолдаймыз.