Түркістан облысында мақта жинау науқаны осыдан 2 апта бұрын басталды

Биыл өнім жақсы. Бірақ диқандардың көңілінде алаң бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі мақтаның бағасы төмен. Зауыттар ақ алтынның бір келісін шаруалардан 200 теңгеден қабылдап жатыр.

Қуаныш Естұрдиев, шаруа:

- Қазіргі таңда халыққа ең керегі нарық. Бүгінгі таңда жазғы еңбегіміз ақталса дейді. Біреуде 3, біреуде 5ғ енді біреуінде 50 гектар еккен. 40 градус ыстықта күнделікті соның ішінде  бала-шағамызбен жүреміз. Шөбін шабамыз, бейнет қыламыз. Бізге ең бірінші баға.

Жергілікті диқан Бауыржан Тасболатов биыл 10 гектарға мақта еккен. Алайда оны күтіп, баптап, өсірудің оңай болмағанын айтады. Себебі жанар-жағармай мен тыңайтқыштың бағасы өсіп, ауыл шаруашылығы техникасын жалға алу құны да көтерілген.

Бауыржан Тасболатов, шаруа:

- Мен мақтаның әр гектарына 460 мыңнан ақша шығардым, жақсы өнім алу үшін. Мысалы, құртқа қарсы 5 рет дәрі шаштым. Тыңайтқышы бар, 2 рет суғардық. Биыл жанармай да қымбат болды. Тыңайтқыштың бағасы да өсті. Ендігі бар мәселе мақтаның нарқында болып тұр. Нарықты сәл көтеріп берсе, мына халық риза болатын еді. Ел риза болса, бәрі риза ғой.

Биыл оңтүстіктегі мақташылардың барлығы шығынға батқанын айтып отыр. Себебі өнім құны кеткен шығынды ақтамайды. Сондықтан олар мақта шаруашылығы бұрынғыдай табысты сала болудан қалғанын айтады.

Марат Бұхаров, шаруа:

- Барлығы қарызға белшеден батып кеткен. Сататын малы да қалған жоқ. Кейбіреулер әлі мектепке балаларын алып бара алмай отыр. Киетін киімдері жоқ.

Мақта қабылдайтын зауыттар жекеменшік болғандықтан оған бағаны көтер деп ешкім айта алмайды. Бастапқыда ауыл тұрғындарынан шитті мақтаның тоннасын 200 мың теңгеден сатып алған. Шаруалар наразылық танытып, шулағаннан кейін бұл іске жергілікті билік араласып, мақта бағасын 250 теңгеге дейін көтерген. Бірақ шаруалар бұл да шығынды өтемейтінін айтып отыр.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Таразыдан алдайды дейді. Таразыда 100 келі болса, оны төмендетіп алады дейді. Екінші сапасын түсіріп жібереді дейді. Зертханалар анализді дұрыс шығармайды дейді. Ылғалдылығы жоғары, тағы басқа сылтау айтады, мен осы жерде құзырлы органдарды осыған назар аударуға шықырдым.

Тұрғанбек Оспанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Ресейдегі санкциялар, барлық логистика сонымен кетеді. Сол жақтан келіп сатып алатындарға қымбаттау болып жатыр. Бұрын жолына 300-350 доллар болатын болса, қазір 450 долларға дейін көтеріліп жатыр.

Мамандар жағдай әлі де өзгеруі мүмкін екенін айтады. Ол үшін барлығына тиімді болатындай келісім жасалуы тиіс. Сарапшылар әлемдік нарықта мақта бағасы бірден 30 пайызға қымбаттағанын да айтып отыр. Алайда ол шетел валютасы мен бәсекелістік ортаға байланысты екенін ескертеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш