loader


ШҚО-да жемқорлықтың алдын-алу шараларына қатысты жиын өтті

Шығыс Қазақстан облысының асты үсті кенге бай. Сондықтан үздіксіз қаржы айналымы жүретін үлкен сала. Өлкеде құрылыс та қарқынды.Салынып жатқан жол да, тұрғын үй де инфрақұрылымдық жобалар да көп. Алтын көрсе періште жолдан таяды деп, осының барлығы адамды жемқорлыққа итермелеуі мүмкін. Сондықтан жемқорлыққа қарсы іс қимыл  агенттігі аталған салаларды ерекше бақылау керек деп санайды., деп хабарлайды «Хабар 24».

Дмитрий Малахов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігі төрағасының  бірінші орынбасары:

- Бұл – экология, көмір тапшылығы, ауыл шаруашылығы,құрылыс,бағалы металл өндірісі сынды бағыттар. Дәл осы саладағы мәселелер әсіресе жергілікті жұртқа таныс. Оның көпшілігі жемқорлыққа байланысты екені жасырын емес.

Бұл тұрғыда жол мәселесін айтпауға болмайды.Мәселен Омбы – Майқапшағай  трассасы. Бірнеше жылдап бітпей келе жатқан жоба. Дәл осы бағыт бойынша мердігер компаниялардың бірі миллиардтаған теңгені жымқыруы мүмкін деген күдікке ілініп отыр.

Денис Шакенов, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

- Бұл жоба биыл шілдеде аяқталу керек еді. Келісімшартқа сәйкес мердігер компанияға 27 миллиард теңге аванс төленген.Бірақ құрылыс монтаж жұмыстары әлі біткен жоқ. Ақша мақсатсыз жұмсалған.

Қазір Бұқтырма су қоймасының үстімен өтетін көпір мен Өскеменде салынып жатқан Гемотологиялық орталық құрылысы басты назарға алынып отыр.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Жемқорлық тәуекелдігі жоғары картаға  ең маңызды нысандар енгізіліп отыр. Бұл өте дұрыс. Енді бұндай бақылау депутаттар тарапынан да жүргізілу керек деп ойлаймын.

Жемқорлықтың алдын алуға қоғамдық ұйымдар да белсене араласу керек деп санайды сарапшылар. Енді жер қойнауын пайдалану және экология  саласындағы жұмыстар да назарға алынбақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов.

 

--

 

Сондай-ақ...