Қызылордада республикалық қарилар байқауы өтті

Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 80 қатысушы Құран Кәрімнің 30,20,10 парасын жатқа айту және мәнерлеп оқу номинациялары бойынша сайысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

30 жасқа дейінгі қарилердің Құранды қатесіз және көркем оқуына белгілі діни қайраткер-ғалымдар баға берді. Байқау жеңімпаздары әлемдік додаға жолдама алады.  

Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

- Алла қаласа, келесі жылы халықаралық құран байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Басты мақсат алдыңғы орын алған балаларды әлем деңгейіне шығару. Бұның барлығы әрине әуелі Алла, екіншіден, егемендіктің арқасында қол жеткізген жетістігіміз.

Ақмешіт-Сырдария орталық мешітінде 2 күнге созылған діни байқауда 600 беттік қасиетті кітапты түгел жаттап алған жамбылдық 19 жастағы бозбала жеңімпаз атанып, темір тұлпарды тізгіндеді. Үздік үштікті қорытындылаған өзге жүлдегерлер де Сыр өңірінен миллионер болып аттанды.   

Мырзагелді Иманәлі, Қарилар байқауының жеңімпазы:

- Әкем мені кішкентайымнан өзі үйреткен. Алфавитті және сүрелердіғ бір параны үйретті. Арманым Қазақстан Республикасына қызмет ету, дінін ұлғайту, дінді оқып, елімізді ислам жағынан ең жоғары дәрежеде болуына үлес қосамын деген үміттемін.

Бас Мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы Арал мен Қазалы ауданындағы Құран жаттауға арналған қарилар дайындау орталығының ашылуына да қатысады. Сондай-ақ Байқоңыр қаласындағы мешіт жамағатымен жұма намазын бірге оқып, тұрғындармен кездеседі.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин