Павлодарлықтар заңсыз тұрғызылатын үй орнына саябақ салуды сұрап отыр

Павлодарлықтар облыс әкімінен құрылысы заңсыз басталған 15 қабатты үйдің орнына саябақ салып беруді өтініп отыр. Бұзылған сауда үйінің орнына көп қабатты үй бой көтеретінін естіген тұрғындардан маза кетті. Ал құрылыс компаниясы үй салынатын алаңды дайындап, қадасын қағып та үлгірген. Бірақ сол қағылған қадаларды шұғыл түрде қайта көміп тастады. Осыдан кейін мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы тексеріс бастады. Жағдай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің де назарына ілікті.

Мына көшедегі бірнеше үйдің тұрғындары жаңадан салынуы тиіс 15 қабатты үймен көрші болуға қарсы.  Олар бұрынғы «Арай» сауда үйінің орнында бой көтеретін үй көптеген қолайсыздықтар әкеледі деген ойда. Кейбірі биік ғимараттан үйімізге күн түспей қалатын болды деп налиды.  

Нина Шлей, қала тұрғыны:

- Мен бұл үйдің құрылысына қарсымын. Бізге мұндай үйлер не үшін керек. 

Гаухар Нұрбаева, қала тұрғыны:

- Бұл үйді бұл жерге неменеге салып жатыр үп-үлкен үйді. Басқа жер жоқ па? Парк салсын одан да балаларға ойнайтын. Барлығымыздың балаларымыз бар ғой, немерелеріміз шығып ойнайды ғой. Өзіміз де шығып сол паркте отыруға. 

Марина Баженова, қала тұрғыны:

- Мен бұл жерде тұрғындардың демалатын жері болғанын қалаймын.  Балалармен қыдырып жүретін едік.

Қаланың ортасындағы  құрылыстың бірнеше жылға созылатын түрі бар. Қада қағылған  қысқа мерзімде   ауыр техникалардың  дүрсілінен  тұрғындардан маза кеткен. Ал мемлекеттік сәулет –құрылыс басқармасы жүргізілген тексерудің қорытындысын жария етпек. 

Дархан Омаров, облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының  бас маманы:

- Тексеру мерзімі қыркүйектің 29-да аяқталады. Қазір құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Рұқсат құжаттарының бар- жоғы туралы тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Нүктелі құрылыс Павлодарда өзекті мәселеге айналған. Көпқабатты үйлер кез келген бос жерлерге салынып жатыр. Жекеменшік компаниялардың көбі құрылыс талаптары мен ережелерін сақтай бермейді. Инженерлік желілердің үстінен өткен жағдайлар да кездесіп жатыр. 

Юлия Башкирова, бастамашыл топтың мүшесі:

- Біз қаладағы заңсыз құрылыстарды тоқтатуға күш саламыз. Әсіресе қаланың қақ ортасында ешбір  рұқсат құжаттарынсыз жұмысқа кірісіп кеткендер құрылысты тоқтатулары керек. Мұндай жағдайлардың алдын алмаса болмайды. 

Дархан Құрақбаев, Павлодар облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі департаменті басшысының м. а.:

- Біз олқылықтарды анықтап жатырмыз. Егжей-тегжейлі жобасыз салынып жатқан құрылыс нысандары бар. Олар қаланың бас жоспарына қайшы  келеді. Сондықтан  заңбұзушылыққа жол бергендер   жауапкершілікке тартылады.

Тұрғын үй құрылысына қатысты туындаған мәселелерге орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі облыс әкіміне міндет жүктеді. Қалыптасқан жағдайды бірлесіп шешуге шақырды. Өйткені ретсіз салынып жатқан көпқабатты үйлер қаланың тынысын тарылтып барады. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков