Ақтөбеге келген ресейліктер жазғы лагерьлерге орналастырылды

Ақтөбеге келген ресейліктердің біразы қала сыртындағы жазғы лагерьлерге орналастырылды. Маусымдық қызметін тәмамдаған демалыс орындары уақытша пана іздеп келгендерге орын беріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ облыс орталығындағы колледждердің бірінің бос тұрған жатақханасына да қабылдайды. Барлығы 600-ден астам жатын орын бар. Бұл өңірдегі шарықтап кеткен жалдамалы баспана құнын тұрақтандыру үшін жасалған әрекет. Жергілікті биліктің айтуынша, соңғы апта ішінде Ақтөбе облысына 7 мыңнан астам ресейлік келген. Салдарынан жылжымайтын мүлік нарығында дүмпу болып, пәтер бағасы бірнеше есе қымбаттаған. 

Айболат Ташпентаев, лагерь директоры:

Қазір сол 100-120 адамға орын дайындап қойдық. Жалпы сол келіп-кетіп жатқандар бар. Жүз адам тұрақты тұрып жатыр. Енді бұл азаматтарды тіркеуді біз осы іштен жасап беріп жатырмыз ХҚКО арқылы. Енді көбіне сол Орынбор, Мәскеуден, Санкт-Петербург облыстарынан келіп жатыр. Олардың ішінде ер азаматтар көбі. Әйел адамдар мен балалар саны аздау.