Қостанайда ұстаздар күні салтанатты түрде аталып өтті

Шәкірт тәрбиелеу жолында жемісті еңбек еткен мұғалімдер марапатқа ие болды. Ұстаздарды төл мерекемен облыс әкімі құттықтап, оқу-ағарту министрі атынан алғысын жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құшақ-құшақ гүлдер мен жылы лебіздер. Мұның бәрі мәртебелі мамандық иесі мұғалімдерге арналған. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік бағыт-бағдар сілтеуде ұстаздың еңбегі зор.

Қайсар Кәмешов, Рудный тау-кен технологиялық колледжінің директоры:

–Мұғалім – мектептің жаны. Сондықтан біз, мұғалімдер қандай болсақ, оқу ордасы да сондай болады. Қостанай облысының мұғалімдері мерекеге үлкен жетістіктерімен келіп тұр.

Аймақта 782 оқу ордасы болса, дені заманауи техникамен жабдықталған. Қолайлы жағдай жасалғандықтан оқушылардың ілім-білімге деген құлшынысы жоғары. 

Құралай Нұрғалиева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Амангелді ауданы А.Нұрманов атындағы мектептен келіп отырмын. Ұстаздарға, білім алушыларға өте жоғары құрмет көрсетіліп жатыр. «Рухани жаңғыру» аясында мектебімізде жаңартылған лингафонный екі кабинет ашылды. Шеткі ауылда тұрсақ та, интернетті жүйеден ешқандай тыс қалған жоқпыз. Мемлекеттің қолдап жатқан жұмысының барлығы біздің жерімізде жүзеге асып жатыр.

Жастарға да жол ашық. Биыл білім беру ұйымдары 300-ге тарта жас маманға толықты. Оларды бейімдеу үшін «Жас педагог мектебі» құрылып, әрқайсысына тәжірибелі ұстаздар бекітілген.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

Ауылдағы мұғалімдерді қолдау бағытында көп іс тындырылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша биыл 200-ден аса педагог еңбек жолын бастады. Оларға 62 млн теңге көтермеақы және баспана алуға 230 млн теңге берілді.

Білім беруде жоғары жетістіктерге жеткен педагог қызметкерлер оқу-ағарту минисрі және облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Бар ғұмырын бала тәрбиесіне сарп еткен зейнеткер 16 ұстазға да құрмет көрсетілді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров