Қостанайда «Мерейлі отбасы» байқауына 108 әулет қатысты

Биыл сайысқа 108 әулет қатысып, соның 20-сы ақтық кезеңде сынға түсті. Қатысушылар ішінен Шәріповтер шаңырағы оза шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бақ-береке тұрақтаған үлгілі шаңырақ Қарасу ауданындағы Шәріповтер жанұясы. Болат пен Маринаның отау құрғандарына биыл 33 жыл. Отағасы мемлекеттік қызметтің түрлі саласын бағындырса, жұбайы жергілікті газеттің тізгінін ұстаған. Бұл әулет екі бала тәрбиелеп, бір немере сүйіп отыр.

Марина Шәріпова, облыстық байқаудың жеңімпазы:

– Отбасы құрғаннан кейін «мен» деген түсінік болмайды. «Біз» деп қарау маңызды. Сонда ғана бақытты отбасы болады. Біз енді осы мерейлі отбасы атағын әрі қарай қадірлеп, өнегелі отбасы боп жүруді мақсат етеміз.

30 жыл бұрын Моңғолиядан көшіп келген Сәлеми Хазездың отбасы байқау лауреаты атанды. Өнегелі ата-ананың жеті баласы өнерлі де талапты.

Лиза Оқан, облыстық байқаудың лауреаты:

– Көптеген отбасы өнерлі, өнегелі болған отбасыны мерейлі отбасы деп санаймын. Өзім де, балаларым да шығармашылық, әр жағына жақсы, мықты бәрі.

Сәлеми Хазез, облыстық байқаудың лауреаты:

– Балаларды аман-есен адам етіп, өсіру ел қатарлы. Саналы білім алсын. Бір қалаған мамандықтарына аман-сау ел қатарлы өссе.

 «Мерейлі отбасы» байқауы биыл сегізінші рет ұйымдастырылды. Осыған дейін аталмыш сайыста облыс бойынша 800-ге жуық жанұя бақ сынады.

Абылайхан Кәкенов, қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Ең бастысы ол отбасы мүшелерінің саны деуге болады. Одан кейін отбасы мүшелерінің жетістіктері. Облысқа, өңіріне, еліне деген көрсететін көмегі. Отбасы мүшелері мұғалім болса, қанша шәкірттері бар дегендей. Осындай критерийлер арқылы бақылау комиссиясы өз шешімін қабылдаған болатын.

Ұлттық байқаудың ақтық кезеңі қазан айында Астанада өтеді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...