Жол жөндеуге биыл 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Бірқатар аумақта жұмыстар аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Бұған қазынадан 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Әсіресе қазір елдімекендердің жолына айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен Ақмола облысындағы мыңнан аса үйі бар Қорғалжын ауылының жолы ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген. Биыл елдімекенге кіретін жол толықтай жаңартылды. Жалпы ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын жолды жөндеуге 135 млн теңге бөлінген.

Бауыржан Байқадамов, Қорғалжын ауылдық округінің әкімі:

- Бұл жер енді шұрық тесік болып тұрды ғой. Жамау жамау болып тұрды. 2 жылда, 3 жылда бір жол жөндеу жұмыстары жүргізілген сияқты болатын. Енді биыл толығымен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір асфальт салынды, енді екі жағы жөнделеді.

Бейсенбек Төлепов, Қорғалжын ауылының тұрғыны:

- Қырық жыл болған ескі жолдар шұрық шұрық. Машина жүруге жарамай қалған. Енді биыл бүкіл ауданның көшелері жаңарып, 10 шақты көше асфальталды. Жарық берілді. Осының бәрі үлкен өзгеріс.