Қарағанды облысында ағаштан түйін түйген шебер тұрады

Қымыз ашытатын күбі, тостаған, саптыаяқ, қонаққа ет тартатын астаулар мен жиһаздардың Ақжол бүгінде түр-түрін жасайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл өнер оған атасынан дарыпты. Университетті «тау-кен ісі» мамандығы бойынша тәмамдағанмен, ол салада еңбек етуден саналы түрде бас тартып, сүйікті кәсібін қолға алған. Қазір шағын шеберхана ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр.

Ақжол Жұртыбай, ағаш шебері:

- Қазір бір ет табақты шамамен 3-4 сағатта жасап шығуға болады станоктың арқасында. Ал станок болмаған кезде қолмен істеп жүрген кезде 2-3 күнге дейін кететін. Ет табаққа ива, қайың ағаштарын қолдансақ, мебельдерге қарағай қолданамыз. Қарағай ағашын ет табақтарға, тостақандарға қолдануға болмайды. Өйткені ол шайырын бөледі. Ол дұрыс болмайды. Ал күбілерге қайың ағашын қолданамыз.

Ақжол шикізатты алыстан іздемейді. Қарқаралының қалың орманында өсетін ағаштарды пайдаланады. Көктемде күбіге тапсырыс көп болса, соғым уақыты таяған сайын ет табақ алғысы келетіндер арта түседі екен. Бір айда шамамен 50 астау жасайды.

Қуатбек Байжұманов, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

- Өнімдерінен биылға алған күбіміз осы. 70 литрлік күбі, жаз бойы бие байладық бірінші рет. Сонда пайдаландық. Өнімі жақсы, сапалы, ойымыздан шықты енді.

Ақжол жас кәсіпкер ретінде биыл аудан және облыс әкімінің грантын жеңіп алған. Қайтарымсыз 2 миллион теңге қаржыға бірнеше қондырғы алыпты. Соның көмегімен күрделі пішіндегі бұйымдарды да жасайды екен. Ал өнімдерін әлеуметтік желі арқылы саудалайды. Келешекте ұлттық бұйымдар сататын дүкен ашсам деген арманы бар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар