Жетісу облысының Райымбек ауданындағы төрт ауылда қоқыс полигоны ұлғайып барады

Райымбек ауданындағы төрт ауылда тұрмыстық қалдық қоймасы толып кеткен. Соған қарамастан ол жерлерге әлі де қоқыс төгіліп, ауқымы ұлғайып жатыр. Тұрғындарды алаңдатқан мәселе қалай шешіледі?

Текес ауылындағы қоқыс төгетін орын өзеннің жанында орналасқан. Ондағы тұрмыстық қалдықтар елді мекенге қарай төгіліп, тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр.  

Әбу Қайып, ауыл тұрғыны:

- Қоқсықты жақынға төкпеу керек. Білген адам алысқа неғып, білмеген адамдыкі шығар. Көрінген жерге төгуге болмайды. Тазалық керек. Адамдарға ықпалы болады.

Үш гектар аумақтағы полигонды күтіп ұстау үшін тиісті қаражат бөлінген. Тендерді жеңіп алған серіктестік шашылған қоқысты күреп, бетін жабуы тиіс еді. 

Нұрболат Таубалдиев, Текес ауылдық округінің әкімі:

- Қазіргі жағдайда тендер деген дүние қолбайлау көп болады. Бір млнды бір-екі рет шығардық. Үш апта бұрын соны ұтып алып бір адам келген. Келіп объемді көрсеткем. Бір күндік жұмыс емес, бір жетілік жұмыс. Тендерді ұтып алған адам әлі келмеді. Жаңағы тендерді ұтып алған адам жұма, сенбі жексенбіде күреп бітіреміз. 

Текес ауылымен қатар өзге үш елді мекеннің қоқыс қоймасы жабылуы керек. Сол себепті әкімдік қызметкерлері жаңасын ашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Жалғас Сүлейменов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Нарынқолдыкі толып тұр, Текестікі толып тұр. Жамбыл, Сүмбенікі толып тұр. Сол себепті біз қазір Өрнектен он гектар жерге мемлекеттік актісін жасатуда. Сол биылғы жылы құжаттары аяқталса, келесі жылы орталықтандырылған күл қоқыс тастау орны ашылады. 

Келесі жылы ауданда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын мекеме құру көзделіп отыр. Сол арқылы қоймалардағы жағдай қалыпқа келтірілмек.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев