Жамбыл облысында туристік кешеннің құрылысы аяқсыз қалды

5 жыл бойы 4 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалған «Қаралма» тау-шаңғы базасы қаңырап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шет елден арнайы алдырған құрылғылар тот басып, жарамсыз күйге түсе бастаған. Ал инвестор болса, жобаны аяқтауға ақша жоқ дейді. «Қаралма» спорттық-туристік кешені 2018 жылы Жамбыл мен Түркістан облыстарының түйіскен тұсында салына бастады. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 7 шақырым тас жол салынып, инфрақұрылымның бәрімен қамтылған еді. Бірақ мемлекеттік жеке меншік серіктестігі арқылы басталған жоба тоқтап қалды.

Мерей Бает, тілші:

– Мақтауын асырған «Қаралма» тау шаңғы базасы қазір сақалды құрылысқа айналған. Облыс билігі 5 жылдан бері пайдалану мерзімін биылға дейін кейінге қалдырған еді. Дегенмен соңғы бірнеше жылда мұнда құрылыс мүлдем тоқтап тұр. Қазір мұнда жан баласына кіруге рұқсат жоқ.

Тау шаңғы базасындағы жұмыс 90 пайызға аяқталған. Аспалы жолдың бағаналары орнатылып, қар күреп жол салатын арнайы техникаға дейін алынған. Мейрамхана мен 10 нан аса коттедж құрылысы аяқталуға жақын. Бірақ инвестор қаржысының болмауынан Австриядан әкелінген темір қондырғылар тот басып, ғимараттар шетінен тоза бастапты.

Талғат Қуатбеков, Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Мына жатқан құрылғылардың барлығы шет елден сатып алынған. Канаттық жолдың кабиналары қыс қардың, жазда жаңбырдың астында бірнеше жыл бойы жатыр. Әлі күнге аяқтай алмай отыр. Былайша айтқанда құр тұрып құрып жатыр.

Валерия Батуева, облыстық туризм индустриясы қауымдастығының мүшесі:

– Бізде қыстық демалыс деген мүлдем дамымаған. Тұрғындарға баяғы сол Алматы, Шымкент қалаларына баруға тура келеді. Тіпті шекара асып Қырғызстанға баратындар да бар. Қаралманың құрылысы ертерек бітсе, өңірдегі қыстық туризмнің ілгерілеуіне әсерін тигізер еді.

Инвестор сұқбат беруден бас тартты. Дегенмен телефон арқылы мән-жайды түсіндіруге тырысты. Бастапқы келісім бойынша кәсіпкерлер салған кешенді «Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» сатып алу тиіс болған. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспай қалды. Енді қаржысы сарқылған инвестор мемлекеттен жәрдем сұрап отыр.

Дамир Досалянов, кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

– Ол кісілер екінші деңгейлі банктер арқылы мысалы, 2,5 млрд-қа дейін 3 млрд-қа дейін қаражат ала алады. 1 несие мөлшерлемесі 6 пайызбен кәсіпкерге беріледі. Субсидиясы 5 жыл жүреді. 6 пайызбен несие ала алады.

Кәсіпкерлік басқармасы 400 млн теңгеден аса қаражатты ауыз су жеткізу үшін берген. Қалған ақшаны кәсіпкер өзі табуы қажет дейді. Туристік нысанды аяқтауға әлі 1 млр теңгеге жуық қаражат керек. Мемлекеттен көмек болмаса, кешеннің әлі бірнеше жыл бойы іске қосылмайтын түрі бар.

 

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә