loader


«Ойқарағай» кен орнынан жылына 40 мың тонна көмір өндіріледі – Алматы облысы

Алматы облысы Райымбек ауданындағы ауыр өндірістік процесті құрыш білекті ер адам емес, нәзік жан иесі – әйел адам басқарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ләззат Ботабекова тұралап қалған кәсіпорынды аяғынан тік тұрғызып қана қоймай, жиырма екі жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істетіп келеді.

Алғаш рет көмір өндірген сәтін Ләззат Ботабекова еңбегінің жемісіне, бағындырған белесіне балайды. Өйткені тоқтап қалған өндірісті қайта жандандыру оңай болмаған. Алдымен осы салаға қатысты өзінің білімін жетілдіріпті. Жер қыртысы жайлы сызбалар мен жоба-жоспарларды жазбай танитын деңгейге жеткен соң іске кіріскен. Алайда аграрлы аймақтан кенішке қажет мамандарды таппапты. 

Ләззат Ботабекова, кәсіпкер:

– Мамандарды Кентау қаласынан, Қарағанды, Жаңатас қаласынан шақырып жұмыстың ең басы солай ұйымдастырдық. Содан бірте-бірте өз ауылымыздың жігіттерін сол адамдардың жанына қоса отырып, көрсетіп, тәрбиелеп, қазір біздің елдің Райымбек ауданының жігіттері жұмыс істейді.

Кен орнында қазір отыз шақты адам еңбек етеді. Олар жаз бойы жер астындағы көмірдің бетін аршиды.Ауыр техникамен топырақ тасиды. Ал күн суытқаннан бастап оны жүк көліктерге тиейді. Жұмысшылар арасында өз ісінің үздігі атанып, республикалық жиында марапатталғандары да бар. 

Қахарман Ахметов, жұмысшы 

– Ләззат Қайсаровна әйел адам болғанымен, жақсы басқара алады. Дәмдес, тұздас болғаннан кейін кәдімгі туған әпкеміздей болып кеткен. Бар жағдайды жасап отырады. Үш уақыт тамағы да жақсы жатын орнымыз таза. Моншамыз бар. Бильярдымыз бар жұмыстан кейін демалатын, телевизорымыз бар.

Көмір қазуға мамандармен қатар жиырмадан аса техника жұмылдырылады. Машақаты мол жұмыс болғанымен мұнда өндірістік процесс жолға қойылған. Соның нәтижесінде жоспар ойдағыдай жүзеге асып келеді.   

Жарас Нұрғазиев, кеніш бастығы:

– Қазіргі уақытта дайындап отырғанымыз 40 мың тонна. Кеген ауданы Райымбек ауданы жартылай Ұйғыр ауданының қыжалатынан шығарып отырмыз.

Кен өндіру ісінің бар ауыртпалығын көтеріп, жылдар бойы кәсіпорынды тоқтаусыз жұмыс істету үлкен қажыр қайратты талап етеді. Бұл тұрғыда Ләззат Қайсарқызына ет жақындары, отбасы жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. 

Ләззат Ботабекова, кәсіпкер:

– Менің жолдасым Ботабеков Тоқан. Оқыған азамат. Ол кісінің өте үлкен үлесі бар. Маған деген ол кісінің құрметі, маған деген сыйы, мені өте жоғары бағалағанына мен шынында да басымды ием.

Тұралап қалған өндірісті қайта жандандырған Ләззат Ботабекова кәсіпорын тізгінін енді кіші ұлына табыстамақ. Сөйтіп өзі бейнетінің зейнетін, немерелерінің қызығын көрсем деп отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ...