Атырауда «Ақсай-2» ауылы тұрғындары мектеп пен балабақшаға мұқтаж

Мұндағы шешілмей жатқан өзекті мәселелер әбден титықтатқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектеп пен балабақшаның жоқтығынан балалар көрші шағын аудандағы үш ауысымды мектепке барады. Спорттық кешен мен ойын алаңының жоқтығын қоспағанда, телефонмен тілдесудің өзі мұңға айналыпты.

Аққыз Әділқызы, ауыл тұрғыны: 

- Мектепті бірінші, сосын детсад. Сосын мына көшенің жарығы, интернет екі бастан жоқ. Ит масқара! Ит деген адамнан көбейді. Көшелерде толып жүр. Кісіге шабуы мүмкін.

Раушан Мейрамқызы,  ауыл тұрғыны: 

- Звондайтын телефонымнан сеть шықпайды. Интернет нашар. Қызғанғаным емес, Ақжар-2-де мектеп салынып бітіп қалды, балабақша салынып жатыр. Ол жерде жұмыс жасап тұрған фок бар, мәдениет үйі бар, ойы алаңдары бар.Біздің ықшам аудан біршама үлкен. Теңдей ойлауы керек қой.

Тұрғындарды толғандыратын тағы бір мәселе –  жарық бағаналары. Биыл ықшам аудандағы 20 көшенің төртеуіне ғана жарық жүргізілген. Қалалық ТҮКШ бөліміндегілер келер жылы тағы 4 көшені жарықтандырамыз деп уәде беріп отыр.

Мұхтар Сағындықов, қалалық ТҮКШ бөлімі секторының бас маманы: 

- 2023 жылы көше жарықтарын жүргізу жұмыстары тоқтамайды. Тағы да бір қосымша тізім жасалып жатыр. Ақсай-2 халқының жанайқайын естіп, осы жерге келіп өзімнің тарапымнан кісілердің алдында уәде беріп  Ақсай-2 барлық көшесін қолымнан келгенше кіргізуге тырысам.

Округ әкімінің айтуынша мектеп пен балабақшаның құрылысы 2023 жылы басталады. Екі нысанның да сметалық құжаттары дайын болғанымен, қазынадан қаражат бөлінуін күтіп отыр.

Боранбай Тұрмұхан, Ақсай ауылдық округінің әкімі: 

- Өздеріңіз білесіздер біздер ойын алаңын ішкі бюджетіміздегі жиналған қаражат қой, мәслихаттан келісім сұраймыз. Сосын конкурсқа береміз, жерін белгілейміз. Ақсай-2 бойынша 22 көше мен 8 көшенің қиылысынан 1 ойын алаңын салайын деп отырмыз. Жеңімпаз шықты.

Тұрғындардың айтуынша, ауыл ішіндегі жаяу жүргіншілер жолының сапасы да сын көтермейді. Ал жергілікті билік құрылысты жүргізген мердігер мекемемен жұмысты сапасыз істегені үшін соттасып жатыр екен. Ал ғаламтор мәселесін әкім жеке компаниялардың көмегімен шешу жолын қарастырып жатқанын айтады. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов