Сирек ауруға шалдыққан балалар мемлекет беретін тегін астан қағылып жүр

Сирек кездесетін целиакия дертіне шалдыққан балалар мемлекеттен тегін берілетін асқа жете алмай жүр. Мәселе Жамбыл облысында туындаған. Ата-аналардың айтуларынша, ерекше балалар өмір бойы глютенсіз өнімдермен тамақтануы керек. Мұндай азық түрі өңірде мүлде сатылмайды. Ал денсаулық сақтау басқармасының берген азық-түлігі жеуге жарамсыз дейді.

Ботагөз Биназарованың қызы 2 жасында целиакия дертіне шалдыққан. 7 жылдан бері қатаң диетада. Жейтін барлық асын Германиядан делдалдар арқылы алдырады. Бағасы тым қымбат. Сондықтан қызының зейнетақысы мен күтіміне берілетін ақша, азық-түлігіне әзер жетеді дейді. 

Ботагөз Биназарова, Меркі ауданының тұрғыны:

- 150 мыңдай кетеді. Бұның еті бар тамағында, жаңағы уашалары бар алатын. Печеньелерден басқа ұны бар алатын. Ұнның килограмының өзі 4 мың теңге тұрады. Өмірбақи диета ұстауымыз керек. Басқа тамақ жейтін болсақ, құсамыз, вес терять етеміз. Іші өтеді.

Целиакияға шалдыққан науқастар өмір бойы құрамында глютені жоқ тағам жеуі қажет. Яғни бидай өнімін мүлдем қолданбайды. Облыста ондай 35 бала бар. Ата-аналар бұдан бұрын да әкімдікке өтініш айтып келген. Содан кейін ғана денсаулық сақтау басқармасы 2 млн 370 мың бөліпті. Бірақ таратқан азық-түлігі жарамсыз. 

Гүлнар Қожаниязова, Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны:

- Ананы қалай берем балаға? Даже адам түгілі итте жемейді ғой. Макарон спагетти берген. Сорпаға салсаң езіліп жоқ болып кетеді. Нанға деп арналған ұны да жарамсыз. Нан болып шықпайды. Қатып копченный болып қатып қалады.

Целиакия өңірдегі сирек кездесетін 18 аурудың тізімінде жоқ көрінеді. Сондықтан бұған дейін облыста арнайы қаржы бөлінбеген. Қайта жауаптылар үнемделген бюджет қарысына ас алдық дейді. Бірақ сапасына мән бермеген секілді. 

Қаракөз Cағынғалиева, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Поставшики участвовать еткен ғой. Біз оларға технический спецификация бердік, олар бәрін қарады. Енді получается расымен сапасы төмен болғаннан кейін, сол мәселені қарастырып көреміз.

Ал мәслихат хатшысы айтылған пікірге мүлдем келіспейді. 29 шілдеде «целиакияны» орфандық аурулар тізіміне қосып, 19 млн 500 мың тг бөлдірген. Бірақ тиісті басқармалар өз жұмысын атқармады дейді.

Махметғали Сарыбеков, Жамбыл облыстық мәслихат хатшысы:

- Мәслихаттың сол шешіміне сүйене отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы арқылы сол қосымша бөлінген 19 жарым млн теңгені отырғызу керек еді олар. Өкінішке орай олар онымен айналыспаған. Енді сіз келесі жылға ақша сұрап отырсыз ғой. Олар биылғы бөлінген ақшаның өзін дұрыс игермей жатыр ғой.

Мәслихат хатшысы келер жылға тиісті қаржының бөлінуін өзі қадағаламақ. Ал жауапты басқарма қажетті астың тізімін ата-аналармен кеңесіп түзетін болды.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә