Ажырасқандар «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса алмайды

Толық емес отбасылар мөлшерлемесі 2 процентке тең тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.

Бұл туралы бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі Бауыржан Қабдол хабарлады.

Айтуынша, енді "Бақытты отбасы" бағдарламасына ата-анасының қамқорынсыз қалған азаматтар мен 1,2-топтағы мүгедектер қосылады. Ал толық емес отбасылар мөлшерлемесі 5 процентті құрайтын бағдарламалардың қатысушысы болып қала береді. Мұндай шешім соңғы жылдары жастар арасында ажырасу деректерінің күрт көбеюіне байланысты жасалып отыр екен.

Бауыржан Қабдол, ҚР ИИДМ Комитет төрағасының орынбасары:

- Бақытты отбасы бағдарламасы іске қосылғаннан кейін әкімдіктерде толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72%-ға немесе 61,6 мың адамға артқанын көрсетті. Бұл ретте әлеуметтік осал топтар арасында толық емес отбасылардан шыққан кезекте тұрғандардың үлесі 36%, ал жалпы саны 23,8 мыңды құрайды. Бұл басқа кезекте тұрғандардың тең емес жағдайын тудырады. Мәселен, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініштердің 50%-дан астамы осы санаттан келіп түсті, оның 35% жеңілдетілген қарыздар алды.