Алматыда Дүниежүзілік мұнай кеңесінің VII жастар форумы өтті

Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде Дүниежүзілік мұнай кеңесінің VII жастар форумына 29 елден 700-тен аса делегат қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиын нәтижесінде Алматы декларациясы қабылданды. Сонымен қатар форумда Қазақстан-Британ техникалық университеті әлемдегі техникалық университеттер үшін білім беру хабына айналады деген шешім қабылданды. Болашақта мұнай-газ өндірісінде жоғары технологиялардың маңыздылығы бүгінгіден де күшейе түседі. Бұл – ІТ мамандарға сұраныс артады деген сөз. Сондықтан жастар цифрлық технологияларды жетік меңгергені абзал. Дүниежүзілік мұнай кеңесінің жастар форумы да осы өзекті мәселені қаузады. Жиынға қатысқан студенттер мен жас мамандар мұнай-газ саласының көшбасшыларымен, сарапшыларымен пікір алмасып, ой бөлісті.

Дин Такер, ДМК Канада ұлттық комитетінің вице-төрағасы:

Бұл конференцияның басты бағыты – жастарға көңіл бөлу. Өйткені мұнай-газ саласында жас мамандардың алатын орны ерекше. Мұнай саласының болашағы үшін жастардың біліктілігі өте маңызды. «Қара алтынды» басқаруда жаңашыл көзқарас, тың идеялар керек.

Форумға қатысушылар мұнай-газ саласындағы стратегиялық мәселелерді шешудегі тәжірибелерімен бөлісті. Ең озық жетістіктерді талдап, энергетика саласындағы өзгерістерді жеделдету үшін тың тәсілдер іздеу қажеттілігіне басымдық берді. Жиын соңында Дүниежүзілік мұнай кеңесінің жаңа стратегиясы қабылданды.

Маратбек Габдуллин, ҚБТУ ректоры:

Дүниежүзілік мұнай кеңесінің стратегиясы соңғы 40 жылда өзгерген жоқ. Ал бүгін көпжылдық құжат қайта қаралып, Алматы декларациясы қабылданды. Жаңа құжат – ынтымақтастықты дамытуға, жаңа деңгейдегі мамандар даярлауға, ақпарат алмасуға, достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік мұнай кеңесі – мұнай-газ саласындағы негізгі мәселелерді талқылауға арналған халықаралық форум. Ол 1933 жылы Лондонда құрылған. Кеңеске әлемнің 70 елі кіреді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев