«Ембімұнайгаз» компаниясының құрылғанына 100 жыл

Қазақ мұнайының бастауында тұрған кәсіпорынның мерейтойы қарсаңында компания басшылары мен қызметкерлері Алматыға келіп, өндіріс қуатын арттыру, жаңа технологияларды дамыту  мен «қара алтынды» өндірудегі жаңашылдықтар туралы ойларымен бөлісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорынның тарихы 1922 жылдан бастау алады. Сол жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру үшін «Ембімұнай» тресі құрылып, мұнай өңдеу жолға қойылған болатын. Уақыт өте келе Ембі геологтары Қазақстанның батыс өңіріндегі  басқа да ірі кен орындарын зерттеп, жерасты байлығының ел игілігіне айналуына үлес қосты. Қазір өндіріс жаңа технологиялармен жандануда.

Есен Қайыржанұлы, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры:

– Заман сұранысына сай қазіргі цифрлық технологияларды қолданып, біз де оған көп мән беріп жатырмыз. Соның арқасында кейбір кен орны, қазір айтады енді интеллектуальный месторождение деп, бүкіл цифрлық бағдарламамен басқарылатын кен орындары бар.

Жүз жылда кәсіпорын188 миллион тоннадан астам мұнай өндірген. Компанияның иелігінде қазір 46 кен орны бар.

Айта кетейік, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Қазақстанның ірі салық төлеушілерінің қатарына кіреді.

Рысты Тасмағамбетова, бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары:

– Компания шығындарының негізгі бөлігін салықтар құрайды. Біз Ұлттық қорға негізгі 5 түрлі салық түрін төлейміз. Мәселен, соңғы төрт жылда компания мемлекет қазынасына 491 миллиард 695 миллион. теңге төледі. 2022 жылы 155 миллиард 730 миллион теңге сомасында салық төлеу жоспарлануда.

 «Ембімұнайгаз» компаниясы «Дуалды оқыту бағдарламасы» жобасын сәтті жүзеге асырды. Мұнайлы өңірдегі бір университет пен төрт колледждің студенттері  теориялық білімін кәсіпорын қабырғасында тәжірибемен бекітуде. Бүгінге дейін 250-ге жуық жас маман шыңдалып шықты.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев