Қостанайлықтарға көмірді онлайн тапсырыспен алуға  мүмкіндік бар

Қостанайлықтар енді үйден шықпай-ақ көмірге тапсырыс бере алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онлайн қызмет смартфондағы банк қосымшасына енгізіліпті. Сатылымда әзірге Шұбаркөл көмірі бар. Бір тоннасы 16 мың теңгеден басталады. Қаласаңыз, қыстық отынды несиеге немесе алты айға дейін бөліп төлеп алуға да болады. Жақын арада көмірдің басқа да түрлері пайда болады. Бұл туралы облыстық энергетика басқармасының өкілдері мәлім етті. Цифрлы жүйе өткен аптада іске қосылды. Екі ауданның тұрғыны қосымша арқылы қатты отынға тапсырыс беріп үлгерді. Жалпы биыл аймақ бойынша 465 мың тоннаға жуық көмір дайындау жоспарланған.

Мирас Омаров, энергетика және ткш басқармасы басшысының орынбасары

Бұл пилоттық жоба. Қосымшада көмір жеткізуші жалғыз фирма тіркелген. Әрине уақыт өте келе тұрғындарда кең таңдау пайда болады. Қосымша арқылы сатып алынған көмір тек теміржолға жеткізіледі. Ал оны үйге дейін тасымалдайтын көлік қызметі бөлек төленеді.