Атырауда ет дайындау кешені ашылды

Атырау қаласына қарасты «Береке» ауылында заманауи мал сою және сату кешені іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар үшін ең қажетті әлеуметтік кешеннің басты артықшылығы қала базарлары мен сауда орындарына түсетін ет өнімдері енді бір орталықтан дайындалатын болады. Мұнда малды бауыздаудан бастап барлық жұмыс толықтай автоматтандырылған. Бұл жерде кез келген адам малды көзінше сойғызып алса, мал тапсырушы өнімін өткізіп, қолма-қол есептеседі.

Кешеннің ішінде мал сою қондырғысы, ет сататын павильондар және тұтынушылар мен мал иелеріне арналған 20 орындық асхана бар. Мұндағы ет дайындау процессі халықаралық «халал» стандартына негізделген. Жаңа ашылған орталық облыс аудандарынан тасымалданатын мал өнімдерін дайындаумен айналысады.

Азамат Хайруллин, ет орталығының директоры:

Тәулігіне 150-ден астам мал қабылдай аламыз. Мал сойылады және бұл жерде 20 тоннаға арналған салқындатқыш бар. Бұл жерде 2 түрлі тапсырыс бар. Мысалы, жеке адамдар күнделікті келетін, олар өздеріне керегін сатып алады. Кешкі уақыттан бастап таңертеңге дейін базарларға кететін еттерді дайындаймыз.

Бұған дейін ірі қараны, соның ішінде жылқыны ұрып құлатып сойғандарды көрген тұтынушылар қасаптың етінен жерініп кеткен болатын. Осыған орай 2020 жылы қалалық әкімдік ет дайындайтын орталық ашуды қолға алған еді.

Руслан Даулетов, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Аталған жобада халал стандарты сақталған. Қала үшін қандай маңыздылығына келетін болсақ, бірішіден, санитарлық-ветеринарлық талаптарға сай сойылатын болса, оған қоса бағаны тұрақтандыруға көп әсері тиетін жоба бұл. Ауданнан келетін малмен айналыстаын мал сатушылардың өкілдері келіп, мал сойғызатын болса барлық мүмкіндік қарастырылған.

Жобалық құны 250 млн теңгеден асатын ет орталығында әзірге 35 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ қасапқа әкелінген малды бағып-күтуге қосымша 15 жұмысшы тартылған. Қазір кешенді орталық қаланың 2 базары мен 5 сауда нысанына қызмет көрсетеді. Келешекте өндіріс көлемін ұлғайтып облыс орталығын түгелдей қамтуға мүмкіндік бар. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов