Қызылорда облысында күріш ору науқаны қызды. LIVE

Қызылорданың ақ күріші Америкаға жөнелтіліп жатыр. Биыл 25 тонна тасымалданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек, әлемнің 20 мемлекеті Сыр бойында өскен күрішті тұтынады. Диқандар қыркүйектің ортасынан бері жиын-терімге кіріскен. Көктемде 188 мың гектар алқапқа түрлі дақыл себілсе, 80 мың гектар жерді күріш алып жатыр. Өкінішке қарай, өңірде су тапшы. Шаруалар ала жаздай алқапты кезекпен суаруға мәжбүр болды. Ендігі мақсат-жауын-шашынға қалдырмай, ақ күрішті жинап алу. Қырман басындағы қауырт тірліктің ортасыннан арна тілшісі Қамбар Бекенов қанша гектар жер орылғанын, түсімнің қалай екенін баяндады.

Қамбар Бекенов, тілші:

Сыр диқандары барлық күріш көлемінің 70% орып болды. Қамбаға дәл қазір 300 мың тоннадан астам астық құйылды. Одан бөлек күзгі және жазғы бидай, жоңышқа, бақша дақылдары түгел жиналып болды. Дәл қазір біз Қазалы ауданындағы қырманда тұрмыз. Облыстың солтүстігінде орналасқандықтан мұнда басқа аудандармен салыстырғанда егін кештеу егіліп, кештеу піседі.

Қазалылық диқандар биыл 17 жарым мыңға жуық гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде 6 жарым мыңдайына күріш дәні себілген. Толықтай жөндеуден өткен 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі егіс алқаптарында тыным таппай жүр. Егістіктен әкелінген астықты кептіріп, сақтап, өлшеп, жан-жаққа бөліп жөнелтетін қырманда да қызу тірлік.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Дала қосында түнеп, шашпай-төкпей ел ризығын теріп жүрген егіншілерді сөзге тартқан едік. Сұхбатқа зер салсақ.

Әр күнді жылдық азық деп білетін диқандар күрішті қазанның ортасына дейін орып, бастырып, күзгі «Алтын дән» мерекесінде жұртшылыққа биыл піскен өнім ұсынуды жоспарлап отыр.